Тәй-тәй емес, бізге керегі пай-пай тв

02.07.2020, 06:56

48


      Қазақ еліндегі экраннан қазақы болмысты байқау үшін дүрбікерек

   Қазақ тележурналистикасы дәл қазір ақсап тұр. Оны емдеуде оңай емес. Аутсорсингтер есесіндегі есіл эфирді елге пайдалы етудің жолыненді ешкім іздемейді. Өйткені қазіргі қалып, іскердің тілімен айтқанда, бәрініңкөңілінен шығады. Диагнозы қойылған, емдеу әдісі белгілі дертті шын маман әп-сәттежұлып алушы еді ғой. Дәрі түгіл, қандауырға көнбес түрі бар ТВ сырқаттың. Неге?Себебі көп. Бұрынғымен салыстырып айтсақ дейміз. 

   Біз бақыттыекенбіз. Өзімді айтамын. Тележурналистикаға демократия дүрілдеп тұрған кездекеліппіз. Шақырған – Рабат аға Жәнібеков. Ашықтық әуелі сол ағамның өзіндеболды. Жатсынбады, жақсыны үйретті. Жаманнан аулақ жүргенімізді қалады. Ойталастыруға, тіпті өз пікіріңді қорғап шығуға қақың бар. Бөлім редакторы ғанаемес, Қазақ телевидениесінің директоры Әділбек Тауасаров та ақкөңіл азамат еді.Өте білімді. Кең пішілген, кісі баласына жамандық ойламайтын. Журналистбойындағы жылт еткен жақсылықты көре білетін, жастарға өріс ашатын.  Жоба жасап алып барсаң, үлкен маңыз беріпсөйлесетін. Қолдайтын. Директор ғана ма екен, корпорацияны басқарған ӘшірбекКөпішевпен де сайыссөзге шығуға мүмкіндік туатын. Жиналыс кезінде.  Бетіңнен қақпайды. Қайта топқа түскеніңді,ысылғаныңды қалап тұрады. Әлі есімде, аптаның басы үлкен жиынмен ашылады. Өткенжеті күнде эфирдегі бағдарламалар талқыға түседі. Баяндамашы сөйлейді. Артыншажарыссөз басталады.  Елжас Қасиманов ағамсекілді саңлақтар салмақты пікірін айтады. Жұмысқа енді кірген кезіміз.Соңғылардың бірі болып біз де сөз сұрадық. Әшірбек ағам бас изеді. Шықтық.Шықтық та, төте тарттық. Кәрі-жастың бәрі тыңдап отыр. Айтып жатырмыз, ТВ тіліжұтаң екен. Бағдарламалары солғын. Режиссерлік қолтаңба көрінбейді. Көрерментартудың орнына экранға қарағандардың кеудесінен итереміз. Осы сарында әбденкөсілдік. Тың көзқарас, танылмаған бала.

– Бізде істегеніңеқанша болды? – деді төраға.

–  Бұйырса,  бүгін бесінші күн.

–  Енді бес ай істесебәрімізді қыратын секілді ғой.

   Жұрт ду күлді. Бүгін жас маман мен арнабасшысы арасында осындай диалог өрбуі мүмкін бе? Біріншіден, бүкіл корпорациянемесе холдинг ұжымын жиып алып, эфирді талқылайтын басшы жоқ. Екіншіден, арнабасы жиын жасай қалса, оған өзінің орынбасарлары, тағы екі-үш кеңсеші және кеңесшіқатысады. Келген жоба продюсер қолында болуы мүмкін. Ол ары қарай ұсына ма, жоқәлде жанқалтасына салып жүре бере ме… өз шешімі. Бұрынғы қалып енді қайтыпкелмейтінін енді іш сезеді. Тұтас ұжым алдында талқыға түспеген соң, кез келгенжобаның болашағы бұлыңғыр.


      «Ән-Шаһардағы»жүргізуші бір күні сүйінші сұрады. «Қыдырәлі мен Қарақаттың кенжесі дүниегекелді» деп. Ниеті дұрыс еді. Бірақ сөзі бұрыс шықты. Ол гинеколог емес.Қарақаттың жай-күйін білетін. Анығында, әнші жұптың кенжесі дегені – тұңғышыеді. Аллаға шүкір, Қарақат одан кейін де бірнеше құрсақ көтерді. Бір ауыз сөз.Қателесіп кеткен шығар. Алайда өрескел қателік. Ол қазір ойыншық болып қалды.Қате жүздеп емес, мыңдап кетеді, тек теріп үлгер. Мырзан Кенжебай «мөшекке»салып көтеріп жүруші еді, қатенің саны артып, салмағы басып кетіп, белішойырылып қалды ма, қазір көрінбейді. Негізі, ағамның көп ойымен келісетінбіз жәнедұрыс түзейтін. Тыңдаушы едік. Құлақ асушы едік. Мырзекеңнің көзіне түсіпқалмау үшін мәтінді бірнеше рет үстінен қарайтынбыз. Қазір ше? Біреу біреугеақыл айта ма? Біреудің ақылын тыңдағысы келетін біреу бар ма? Ал сонау 90-жылдардыңсоңында сүрінген ТВ тілі қазір қалай жорға жолға түседі? Қасымызда негізіненжастар жұмыс істейді. Кейде отырып айқай саламыз, «Қазақ тілін білетінің барма?» Шын сұрап отыр деп ойлайды да, маңымызға жинала қалады. «Әй, Қазақстантілі емес. Қазақ тілі! Қайсың білесің?» Түсінеді де, күліп тарай бастайды.Қазақ тілін біз түгіл, Қайнар Олжай да толық сіңіре алмаған. Сенбесеңіз өзіненсұраңыз. «Атам Олжайдың сөздік қорының 20 пайызын әкем Қалиакпар бойына сіңірмепті.Қаләкемнің сөздік қорының 20 пайызы бізге қонбады», – дейді Қайнекем. Қайнарданқашып кеткен қазақ тілі ізденуді мүлде ұмытқан жастарды қалай табады?Жатырқайды, әрине. Қайнар ағам неге сіңіре алмады? Оның да өз себебі бар. Қазақсалт-дәстүріне, әдет-ғұрпына өріс бермеу бағзы заманнан келе жатқан саясат.«Фольклоры дамыған, ежелден келе жатқан ұлтты ешкім жақтырмайды», – дейтінҚалихан Ысқақов.

 

     Ақселеу Сейдімбеков дүниеден өткенде қаттыкүрсіндік. Шын мәнінде қайғырдық. Қазақ абызынан айырылды. Ақаң бұрынғы менбүгінді байланыстырып жатқан алтын көпір еді ғой. Дала күңіренетін шығар,даламен бірге қазақ та қайғы жамылады деп күттік. Бір кезде өзі Жәнібектіқасына ертіп, халық мұрасынын ажырап қалмасын деп, теледәріс оқыды ғой.«Жәнібек ән салады. Ақселеу тамсанады» дейтін тәмсіл содан қалған. СолАқаңды  телевидение біткен  жоқтайды деп ойладық. Қандай ғалым еді!Зиялының тап өзі болатын. Бір ғана әнімен – «Сарыарқасымен-ақ» саңлақ сазгергеайнала салған Ақселеу ағаның білімі ұшан-теңіз еді. Ұлт мәдениетінің уығынаайналған тұлғаны ТВ жоқтауы керек еді. Жоқ, үн жоқ. Ақселеу емес, ақ селеуқұрғап кеткендей де әсер етпеді әлгілерге. Сол күні түсіндім, «Әр қазақ – меніңжалғызым» жай ғана сөз тіркесі екенін. Қазақ қазаққа керек емес. Қазақ кеңірдеккекөп мән береді. Тіліп түсу қайда, өз есебіне іліп түсуді ойлайды екен. Асқақазаматтардың емес, асқазан қамын көбірек күйттейді екенбіз. Қу дүниеге жақынбыз,жеке мүддеміз биік. Осындай ТВ тарландарды қайтеді?  Бір Ақселеу ғана ма екен, Нұрғиса Тілендиевтіңкең көсіліп тұрып айтқан әңгімесін архивтен таба аласыз ба? Күйші Қаршығатуралы не теледүние қалдырдық ұрпаққа? Фариза апаның ақылын экраннан естиаламыз ба? Әбіш қайда? Шерхан қайда? Солар туралы сүбелі мұрағат қалды ма?Фарида Шәріпова ше? Кешегі Құман Тастанбеков, Тоқтар Әубәкріов туралы том-томдүниелер қазір таспалануы тиіс еді ғой. «Түрі біртүрлі, жоқ, үні біртүрлі»дейміз де, камераның майын қимаймыз. Эфирді қызғанамыз. Мұхтар Мағауин ше? АҚШ-қабарып жазып алсақ та, талай сөзі тарихта қалар еді ғой. Саммит десе, салып ұрыпжетеміз. «Аласапыранға» салғыртпыз. Ол үшін де мемлекеттік бағдарлама қажет пе?Бар еді ғой, «Рухани жаңғыру».

    Мемлекетбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тіліндегі» сұхбатынан да қатырып тұрыпқұжат жасап алуға болады. Соған ұмтылған адамға. Ұлтқа қызмет етейін, қазаққажақсылық жасайын деген жанға. Мағауин мәңгі өмір сүре ме?! Бірақ Мұхаңа ақшақайдан табылсын?  Мұхтар Шахановтыалайық. Иә, кейде көзқарасы бөлектеу шығар, артық кететін тұсы да болуы мүмкін.Бірақ ол ақын ғой. Шәмшімен бірге жүрді. Тайыр Жароковты жақсы таныды. НегеМұхаңды әдемілеп бір жазып алмаймыз? Неге ол «Алтын қорда» қалмау керек? Отызжыл ел басқарған Дінмұхаммед Қонаевпен жазылған неше сұхбат бар екен, осы?Ғалымдар мыңдап кетті. Жазушылар да. Бар ма олар телеархивте? Саңлақ спортшыларше?

     Ресей біртұлғасы  бақиға аттанса дереу сол кісітуралы туындыларды эфирге салады. Тәртіпті бұзып, кестені өзгертіп. Өздері ғанаемес, біздің елдің көрермендері де көздеріне жас алып, тап бір нағашысынанайырылғандай болады. Дұрыс та шығар. Тым болмаса сондай құрмет біздің алыптарғанеге көрсетілмейді? Адамгершілікті жиып қойған, тарихын сыйламайтынтелеарналардан не үміт, не қайыр? Бір күндік бағдарлама құрсауына түскен, өткіншіжаңбыр сияқты жобалар абақтысында жатқан, шала сауатты аутсорсинг өнімінтұтынатын телеөндіріске қалай өкпелейсің? Не деп өкпелейсің? Өтірік пе? Ал бізайтқан мәселенің шешімі тіптен оңай ғой. Мемлекет ақшасына алғанбағдарламалардың бірі быдық, бірі сақау. Оны қабылдайтын кім? Басында жобаны,кейін өнімді?


       Рейтинг дегенді ойлап тапты. Жан баласыменақылдаспайтын, бір адаммен тілдеспейтін әлгі «контор» іштей сезіп, сырттайпішіп, бәйгеден келген бағдарламалардың тізімін жасап жібереді. Оған ТВ басшыларымәз. Әсіресе сериалдары көш бастаса қалпақтарын аспанға атады. Сүйенетін қазыдайын. Рейтинг. Енді екі-үшеуін алдыруға болады майшелпек Отанның ақшасынжұмсатып. Рахат қой. Рейтингке күмәнмен қарайтындар бар. Жалған десеңіз, «менде атсалыстым» деп, біріңіз орныңыздан тұрыңызшы. Үндемейсіз, иә? Қазақтықылжаққа айналдыратын, қазақты мазақ қылатын бағдарлама ғана әлгі тізімгеенеді. Неге біз келекені жақсы көреміз неге біреудің сүрінгенін тамашалаудықалап тұрамыз? Әйелі еркегіне айқайлайтын бағдарламаның бәсі жоғары. Келіншегіндемалдырып, өзі тамақ істейтін жігіт туралы хабардың  рейтинг көрсеткіші өсуі мүмкін. Ұлттыққұндылығыңды насихаттайтын немесе тұлғалар туралы ілуде бір жасалатынфильмдер  рейтингтің есігінен ену қайда,терезесінен де сығалай алмайды. Табалдырықта жатқаны.


       Қазірқұйрығына ағылшын әріптерін байлап алатын шала-пұшық бірдеңелерден көзсүрінеді. Баяғыда Арман Сқабылұлы «Жастар жырлайды» деген жоба ұсынды. Басшылыққабылдапты. Бір шарты болған көрінеді. «Атын дұрыстайық. «Жаcstar жырлайды». Қалайқарайсың?» – дейді. «Ондай бағдарламаның барынан жоғы». «Көзқарасымыз бірдейекен, келіспедім», – дейді көкем. Ол не сән? Ғаламдық деңгей ме? Әлде әумесерлікпе? Әлде бұрынғы қазақ қараңғы ма? Сырттан қарасаң, біздің телебасшылар қазақтытым жақсы көретін секілді. «Көз тиеді» дейтін болу керек. Ұлттық болмысты,қазақы дәстүрді айтқысы келетін жобаны оқымастан омақастырады. Шетіненкүресінге лақтырады. Бұрынғының сал-серілерін іздейтін, қазақтың ән-күйінжаңғыртқысы келетіндердің жолы жабық. Жүз желеу табады, бірақ эфир босағасынанаттатпайды. Ата-бабасының «көз тиеді» деген сөзін берік ұстанып қалса керек. Оларға ұнайтыны – қазақты келемеждеугебағытталған дүниелер. Дұрыс қой, ұлтыңа көз тимейді. Қандай ақылдымыз, ә?


      Тағыда сол ҚазТВ-дағы кезіміз. Ерлан Сатыбалдиев – төраға. Апта қорытындысынаарналған жиналыс. Гүлжан Қасымбекова сөз сұрап, алға шықты да, төрағаға дүрсеқоя берді: «Ерлан Әбенұлы, неге қазақ зиялылары туралы тұшымды дүниеұсынбаймыз? Неге олардың портреттері жасалмайды? Таныстыру керек қой және олциклды бағдарламалар ешқашан тоқтамайтын тізбек болуы тиіс. Таныстыратынтұлғамыз аз ба, бір-екі дүниемен тоқталуға және болмайды». Ұзақ сөйледі. Сөзініңсоңын былай аяқтады: «Бірақ мен текке айтып тұрмын. Өйткені ол орындалмайтынарман. Неге екенін білесіз бе? Өйткені сіздің аты-жөніңіз – Ерлан Сатыбалдиев.Ерлан Дулатов болғанда ғой». Ойладық, Ерлан Әбенұлы енді Гүлекеңді қуғынғаұшыратады-ау деп. Жоқ, Қасымбекова өз жұмысын істеп жүре берді. Тектілікбәрібір көрінеді екен. Ерлан жақсының ұрпағы ғой. Тағы бір Ерлан тізгін алды.Ерлан Бекхожин. Әкесі қандай еді, жарықтық Қалекең! Қалижан Бекхожин. ТұрсынЖұртбаев айтады: «Абай Құнанбаев Камараддин хазіреттің алғашқы шәкірті болса,соңғы шәкірті Қалижан Бекхожин еді». Жалпы, Камараддин хазірет мұсылманәлемінің ойшылы, жәдидшіл-реформаторы Шаһабуд­дин Маржанидің шәкірті. Қазақ қолына жібек арқан ұстап жүреді, жігіттіңарыстанына тағып жіберу үшін. Қолдағы арқанды кімге лақтыруға болады, өзі? Солжағын да қатты уайымдаймыз кейде.


     Эфирдұрыс болса, ел де ағарып қалар еді. Өзінің түбінтанып, тегін біліп, мәдениетін түсініп, дүние мәніне қанығып дегендей… Өзентуралы фильм жаса, көл туралы көсіл. Тауың бар, тасың бар. Авторлар ұсынып тажатыр. Эфирге жетпей еңіреп кететін есіл жобалар. Кім сонда жібермейтін?Түсініксіз. Қылшық арасынан түбіт іздеген адамның да үміті үзілмейді. Қазақфутболшылары әлемде танылған күні біздің ұлттық ТВ-ға жан бітіп қалар дегенойды құшағында отырмыз.

     «Тәй-тәй ТВ» дедік пе? Жетекпен жүріп кележатыр, мешел емес, ендеше. Өздігінен жүріп кететін жасқа да келер, жібек арқанлақтыратын мойын табылған кезде… Пай-пай ТВ-ға айналар сәт сол кезде туады.

Амангелді СЕЙІТХАН


          


Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.08.2020, 12:13
Су тазарту қондырғыларын жасап шығарады
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 13:15
"Доғарыңдар, ұрмаңдар!". Беларусьте сәрсенбі күні де наразылық акциялары жалғасты
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 10:40
Қазақстанда бір күнде 517 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды
Сайт әкімшілігі 12.08.2020, 20:00
Қазақстан ресейлік коронавирус вакцинасын толық сынақтан өтпейінше сатып алмайды
12.08.2020, 11:29
Қазақстан Ресейдің вакцинасын әзірге алмайды – ҚР ДСМ
Сайт әкімшілігі 12.08.2020, 10:48
Орталық клиникалық госпиталь соңғы науқасты шығарып салды

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    28.11.2020, 11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    28.11.2020, 16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    28.11.2020, 13:30
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    27.11.2020, 11:36