Талғат Аян ауырып жатқан Боқаевты қамаудан босатуды талап етеді. ҚАЖД белсендіден "вирус табылмағанын" айтады

03.07.2020, 02:59

5

Құқық қорғаушылар мен белсенді Талғат Аян 2016 жылғы Жер митингіден кейін сотталып, түрмеде отырған белсенді Макс Боқаевтың денсаулығының нашарлағанын айтып, биліктен оны қамаудан босатуды сұрады.

Боқаевпен бірге сотталып, кейін босап шыққан белсенді Талғат Аян 1 шілдеде Facebook парақшасында «Макс таксофонмен колониядан хабарласты, өзінің 5 күннен бері тұмауратып қалғанын, температура жөтел, иіс, дәм сезбейтінін айтты. Емделіп жатыр, жағдайы бірқалыпты. Макстың денсаулығына алаңдаулымын. Коронавирус сияқты. Колония әкімшілігі мен басқа да сотталғандар ауырып жатыр» деп жазған еді.

Талғат Аян жазбасының астында Боқаевты босатуды талап етіп, қол жинай бастаған.

Боқаев түрмеде отырған Ақтөбе облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Аянның жазбасының астына пікір білдіріп, Боқаевтың коронавирусқа тапсырған ПТР анализі теріс нәтиже бергенін жазды.

Департаменттің мәлімдеуінше, «Боқаев медициналық бөлімге жатудан бас тартқан», «денсаулығы мен иммунитетін бір қалыпты ұстау үшін тиісті ем-дом жасалған».

"Қазір Макс Боқаевтың денсаулығы бірқалыпты, денесінің қызуы қалыпты, тамағы ауырып тұрған жоқ. Мекемедегі өз отрядында" деді мекеме.

Департамент Макс Боқаев отырған түрмедегі сотталғандар мен қызметкерлер коронавирус анализін тапсырғанын, барлығынан вирус табылмағанын мәлімдеді.

Боқаевтың қарындасы Жанаргүл Боқаева Азаттыққа оның денсаулығы қатысты ештеңе білмейтінін, бүгін, 2 шілдеде онымен телефонмен сөйлесетінін айтты.

Бұған дейін халықаралық және қазақстандық құқық қорғаушылар билікті Боқаевты түрмеден босатуға шақырған.

46 жастағы Макс Боқаев 2016 жылы сәуірдегі жер митингілерінен кейін тағы бір атыраулық белсенді Талғат Аянмен бірге "әлеуметтік араздық тудырды", «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу заңдарын бұзды» деген айыппен бес жылға сотталған еді.

Оқи отырыңыз: "Қазіргі жағдайда түрмеде отыру өкінішті де, ұят та емес"​. Макс Боқаев сұхбаты.

2018 жылы сот Талғат Аянның түрмеден мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырып, оның жазасын шартты түрге алмастырған. Ал 2019 жылы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты. Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін" мәлімдеген болатын.

АҚШ конгресінің 12 сенаторы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, «сөз еркіндігі мен жиналу еркіндігі құқығын пайдаланғаны үшін» сотталған белсенділер мен адам құқығын қорғаушыларды дереу түрмеден босатуды сұраған. Сенаторлар хатында азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Әсет Әбішевті (елде «экстремистік ұйым» деп танылған, Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған ҚДТ-ны қолдады деп 4 жылға сотталған) атап көрсеткен.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Кәдеге аспаған диплом
    17.09.2020, 11:16
  • Бетпердені автобуста сатып алуға болады
    20.08.2020, 16:26
  • Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан тағы 6 адам қайтыс болды
    16.09.2020, 09:45
  • Жәрмеңке қайта жалғасады
    11.09.2020, 21:58
  • Сылтауы бітпейтін әкім
    15.09.2020, 11:04