05.07.2020, 21:00
113
4 шілде күні Австрия астанасы Венаның маңында саяси баспана сұраған ұлты шешен Ресей азаматын қастандықпен атып өлтірді. Бұл туралы Азаттыққа шешендердің диаспорасы хабарлады.
Диаспораның айтуынша, марқұм Шешенстанның Ресейден бөлінуін жақтап, ел басшысы Рамзан Қадыровты сынаушылардың бірі болған.
Дереккөздің айтуынша, қастандықпен өлтірілген марқұм Мамихан Умаров болатын. Ол Венада Анзор дейтін есімімен танымал.
Австрия билігі марқұмның 43 жастағы ресейлік саяси баспана сұраушы екенін, оны Вена маңындағы Герасдорф қаласында сауда орталығының жанындағы тұрақта атып кеткенін мәлімдеді.
Жергілікті басылымда саяси мигранттың басына оқ тигені, оның жедел жәрдем қызметі келмей жатып қайтыс болғаны айтылған.
Полиция күдіктіге іздеу салып, оны бірнеше сағаттан кейін Австрия астанасынан 200 километр жердегі Линц қаласынан ұстап алды. Жергілікті биліктің айтуынша, ол да Ресей азаматы.
Полиция оқиғаны зерттеп, кісі өлтірудің мотивін анықтап жатыр.
Сұхбаттарында және әлеуметтік желідегі жазбаларында Умаров шешендердің Ичкерия республикасы мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің қызметкері болғанын айтып, Шешенстан президенті Рамзан Қадыровты сынады, Ресей құпия қызметтерін Еуропада саяси мигрант ретінде тұратын бұрынғы шешен сепаратистерін өлтіруге қатысы бар деп айыптады.
Адам құқықтарын қорғау топтары Шешенстанды 2007 жылдан бері басқарып отырған Рамзан Қадыровты адам ұрлау, қорлау, саяси қарсыластарын өлтіру секілді көптеген қылмысты жасады деп айыптаған.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР