Қазақстанда COVID-19-дың апталық дерегі жарияланды. Коронавирустан қайтыс болғандар саны жаңармаған

05.07.2020, 13:01

41

Биліктің ресми сайты coronavirus2020.kz Telegram желісіндегі каналында 28 маусым мен 4 шілде аралығындағы COVID-19 статистикасының апталық нәтижесін жариялады. Вирус жұқтырғандардың, жазылғандардың, емделіп жатқандардың жалпы санын беріп, күнделік динамиканы көрсеткен видео-статистикада коронавирустан қайтыс болғандардың ескі дерегі келтірілген.

Қазақстан билігі 29 маусымнан бері елдегі COVID-19 өлімі дерегін жаңартпай отыр. Ол күні коронавирустан қайтыс болғандар саны 188-ге жеткен. 29 маусымға дейін күнделік он шақты өлім тіркеліп отырған.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 2 шілдедегі брифингте бұдан былай COVID-19 өлімі апта сайын хабарланатынын айтқан.

“Комиссия өлімнің себебін кісі қайтыс болғаннан кейін анықтайды. Сөйтіп кісінің коронавирустен өлгенін біз бір-екі күн кешігіп білеміз. Біз мұны апталық форматта хабарлауды жоспарлап отырмыз” деді министр брифингте.

COVID-19 өлімі жөніндегі жаңарған дерегі бар апталық нәтиже енді қашан шығатыны белгісіз.

Билік вирус құрбандарының санын аптасына бір рет жарияламақ. Сарапшылар не дейді?

Қазақстан билігінің коронавирус статистикасын жүргізуін сынағандар көп. Мамыр айында Азаттық коронавирустан қайтыс болғандарды жерлейтін зираттарда ресми деректегіден көп адам жерленгенін әшкерелеген. Көп ұзамай үкімет “коронавирустан қайтыс болғандар” және “коронавируспен қайтыс болғандар” деп екі санақ жүргізіп отырғанын мойындады. Денсаулық сақтау министрлігінің сөзінше, соңғысы – “өзге себептерден көз жұмған” азаматтар. ДДСҰ инфекция жұқтырғандардың өзге ауруларын коронавирустан бөлек қарастырмай, бірге санауды ұсынып, дамыған елдердің көбі бірыңғай санақ жүргізіп келеді.

Министр Цой 2 шілдедегі брифингте “коронавируспен қайтыс болған” 101 адамның барын айтқан. Бірге есептегенде коронавирус жұқтырғаннан кейін қайтыс болғандардың ресми саны – 299 (29 маусымға дейін 188 адам өлген, 1 шілдеде 10 адамның қайтыс болғаны айтылды).

Сонымен қатар клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандар, қайтыс болғандар күрт көбейді. Денсаулық министрлігінің дерегінше, маусым айының өзінде пневмониядан 628 адам қайтыс болған.

Өткір пневмонияға шалдыққан азаматтардың көбінде ПТР талдауы теріс нәтиже берген. Алайда дәрігерлер оларды коронавирус хаттамасына сай емдей бастаған.

Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова «Кейінгі уақытта пневмония диагнозымен түскен науқастарды тексерген кезде ПТР қорытындысы оларда (инфекция) белгісі жоғын көрсетеді. Мұндай болуы да мүмкін, себебі коронавирус инфекциясы жоғары тыныс жолынан төменгіге өтіп кеткен соң ПТР-тест қорытындысы (вирус барын) әр кез көрсете бермейді» деп ПТР талдауы коронавирус бар бола тұра, теріс нәтиже беруі мүмкін екенін мойындаған.

Биыл алғашқы алты айда 98 546 адам пневмонияға шалдыққан. Өткен жылы дәл осы мерзімде пневмониямен 63430 адам ауырған. Яғни биыл пневмонияға шалдыққандар 55,4 пайызға артқан.

Қазақстан билігінің коронавирус жұқтырғандарды санауы да сұрақ тудырды. 3 маусымнан бастап үкімет КВИ жұқтырғандары “симптомды” және “симптомсыз” деп екі бөлек санап, негізгі статистикаға тек біріншісін қосты. Бұл коронавирус жұқтырғандардың санын азайтып көрсетіп, індеттің тарауын жеңілдеу етіп көрсетті. Вирустың әлемге тарауын қадағалап отырған ұйымдар мен орталықтар ресми дерекке сүйенуге мәжбүр болды.

Тәуелсіз жергілікті басылымдар “симтомды” және “симптомсыз” деп бөлмей ортақ санды хабарлап отырды. Ақыры бір айға жуық екі санақ жүргізіп келген денсаулық министрлігі 1 шілде күні ауру белгілері бар-жоқ деп бөлмей бір санды хабарлауға қайта оралды.

COVID-19 індеті тараған елдерді нөмірлеп отырған Джонс Хопкинс университеті мен worldometers.info сайтының деректер базасында Қазақстан күрт жоғарылап, The New York Times басылымы Қазақстанды вирустың тарауы өте қатты өршіп жатқан санаулы елдердің қатарына қосты.

Елде коронавирустан қайтыс болғандар дерегін аптасына бір рет хабарлау 6 шілде күні атап өтілетін Астана күні мерекесімен байланысты деген пікір бар. Дәл осы күні Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 80 жасқа толады.

Назарбаев 2019 жылы президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және биліктегі «Нұр Отан» партиясының лидері ретінде биліктің бір тармағын уысында ұстап отыр. Оның «Елбасы» титулы бар. Бұл титулдың арқасында Назарбаев пен оның отбасына қылмыстық іс қозғалмайды.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    09:56
  • "Көлігім жоқ болса да қарыз төледім" - салық органдарына шағымданатындар көп
    21.11.2020, 11:05
  • Билбордтардан не пайда, жемқорлар саны азаймаса?
    21.11.2020, 10:52