Алматыдағы Жанболат Мамай билікке бірнеше талап қойды. Әкімдік пикет өткізуге жарты сағат берді

06.07.2020, 15:15

3

Азаматтық белсенді, журналист, «Демократиялық партия» құру туралы басмашы топ жетекшісі Жанболат Мамай 6 шілде күні Алматыдағы Тәуелсіздік ескерткішінің алдына жалғыз адам пикетіне шықты. Бетіне маска тағып, қолына «Несие кешірілсін! Жер шетелдіктерге жалға берілмесін! Макс Боқаевқа бостандық!» деген жазу ұстаған белсенді пикетін жергілікті уақыт бойынша тура сағат 11-де бастады.

Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы бастығының орынбасары Айдар Есенбеков Мамайға пикет өткізуіне жарты сағат уақыт берілгенін, тақырыптан ауытқымауын және әлеуметтік арақашықтықты сақтауын ескертті.

Мамай коронавирус инфекциясына байланысты тағы екі апта карантин жарияланған Қазақстанда миллиондаған қарапайым адам табыссыз, жұмыссыз қалғанын айтып, биліктен әр отбасына қаржылай көмек жасауды талап етті

— Билік ұлттық қорда 90 млрд доллар бар дейді, қазір қаншама адам табыссыз, күнкөріссіз қалды. Көбінің індет кезінде дәрі-дәрмек сатып алуға ақшасы жоқ. Үкіметтен әр отбасына жәрдем ретінде 200 мың теңге бөлуді талап етеміз. Және азаматтардың банктерден алған несиесі кешірілсін. Біздің қолымызда 20 мыңға жуық азаматтың арызы бар, бірде біреуі той тойлауға алмаған, өмір сүруге ақшасы болмағандықтан несие алған, — дейді белсенді.

Мамай 2016 жылы Қазақстанда халық наразылығынан кейін жер мәселесіне байланысты жарияланған мораторийдің мерзімі келесі жылы аяқталатынын еске салды.

— Билік осы карантинді пайдаланып, жерді шетелдіктерге сатуға, жалға беруге рұқсат беріп жібермеуі үшін ондайға тыйым салатын түзетуді заңға енгізсін, — деген талап қойды Мамай.

Ол төрт жыл бұрын осы мәселені көтеріп, Жер митингіне қатысқаны үшін бес жылға сотталған, қазір Ақтөбе түрмесінде жазасын өтеп жатқан атыраулық белсенді Макс Боқаевтың денсаулығына алаңдайтынын айтып, биліктен оны дереу босатуды талап етті.

— Сәрсенбі күні Макспен сөйлестім, ол бойында иіс, дәм сезбеу сияқты коронавирус инфекциясының барлық белгісі барын, бүкіл түрме ауырып жатқанын айтады. Қазақстан билігінен Боқаевты және басқа да саяси тұтқындарға дереу азаттық беруді талап етеміз, — деді Мамай.

Ол Макс Боқаевтың жағдайына алаңдаған АҚШ сенаторлары жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хаты жазып, тұтқынды босатуды сұрағандарын айтты.

Акцияның басталғанына жарты сағат өткенде Жанболат Мамай жалғыз адам пикетін аяқтап, үйіне кетті. Белсендінің акциясын өткен жерде арасында журналистер бар бірнеше адам болды. Ал әкімшілік өкілдері, полиция, жай киім киіп, бет-аузын тұмшалаған белгісіз азаматтар сырттай бақылап, пикет аяқталған соң тарады.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39