07.07.2020, 15:34
104
Австрияда ұлты шешені Ресей азаматы Мамихан Умаровты өлтірді деген күдікпен Сарали Ахтаев пен Салман Магамедов есімді Шешенстан тумалары ұсталды. Бұл туралы Кавказ.Реалии сайты еуропалық диаспоралардың біріндегі дереккөзіне сілтей отырып хабарлады. Ал австриялық Österreich газеті Sar Ali A. деген күдікті туралы жазды.
47 жастағы Сарали Ахтаев Еуропаға 2002 жылы, ал 37 жастағы Салман Магамадов 2004 жылы көшкен. Екеуінде де босқын мәртебесі болған. Бұл екі азаматтың Шешенстан билігімен байланысы бар-жоғы жөнінде нақты ақпарат жоқ. Кавказ.Реалии дереккөзінің сөзінше, Магамадов Шешенстанның Урус-Мартан қаласындағы терроризмге қарсы орталықта жұмыс істеген.
Австрия полициясы осыған дейін Мамихан Умаровты өлтірді деген күдікпен екі азаматтың ұсталғанын хабарлаған еді.
APA агенттігінің мәліметінше, сенбі күні кешке күдікті ретінде 47 жастағы Шешенстан азаматы ұсталған. Ал жексенбі күні екінші күдіктінің қамауға алынғаны хабарланды. Ол алдымен куәгер ретінде тергелген, бірақ куәлігінде қайшылық болып, куәгерден күдіктіге айналды.
6 шілде күні Австрия полициясы Мамихан Умаровты өз қорғауына алу туралы ұсыныс білдіргенін, бірақ ол бас тартқанын айтты. Жергілікті құқық қорғау органдары мұндай ұсыныстың қашан және қандай себеппен жасалғанын нақтыламады.
Австрия бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, кісі өлтірудің мотиві белгісіз. Қазір саяси мотивтің бар-жоғы тексеріліп жатыр. Тергеуді жергілікті барлау қызметінің және терроризммен күрес бөлімінің қызметкерлері жүргізіп жатыр.
“Венадағы Анзор” дейтін блог сериясының авторы Мамихан Умаров 2007 жылдан бері Австрияда тұрады. Ол Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты сынап, Ресей құқық қорғау органдарын Еуропадағы бұрынғы шешен сепаратистерін өлтіруге қатысы бар деп айыптаған.
Умаровты 4 шілде күні Вена маңындағы Герасдорф қаласында сауда орталығының жанындағы тұрақта атып өлтірген.
Умаров — шетелде қастандыққа ұшыраған жалғыз шешен емес.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР