Алматы облысы әкімінің орынбасары пневмониядан қайтыс болды

10.07.2020, 17:09

35

Алматы облысы әкімінің орынбасары 60 жастағы Серікжан Бескемпіров пневмониядан қайтыс болды.

«Бүгін екіжақты өкпе қабынуынан Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров мезгілсіз қайтыс болды», – деп хабарлады 10 шілде күні облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел. Хабарларға қарағанда, Бескемпіров биыл тамызда өтетін сенат сайлауына түспекші болған.

Осыдан бірнеше сағат бұрын Алматы облысының бас санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетовтің пневмониядан қайтыс болғаны туралы хабар тараған.

Өткен айда коронавирус жұқтырғаны анықталған Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың «тынысы тарылып, жүрегі сыр берген соң» астанадағы ауруханаға жеткізілгенін осы аптада облыс әкімдігі өкілдері хабарлаған.

Қазақстанда кейінгі апталарда коронавирустың өршуімен қоса пневмониямен ауырғандар күрт артып кетті. Билік клиникалық хаттамаға «коронавирус инфекциясы болуы ықтимал» деген ұғымды, ал пневмонияға шалдыққандарға да коронавирус жұқтырғандарды емдеу әдісін қолдануды енгізді. Бірақ билік COVID-19 жұқтырғандар статистикасына тек ПТР тестілеу қорытындысында коронавирус жұқтырғаны анықталған деп көрсетілген науқастарды ғана қосады.

Денсаулық сақтау министрлігінің 8 шілде күнгі дерегінше, елдегі стационарларда пневмониямен ауырған 40 мыңға жуық адам түскен, шамамен 10 мыңға жуығынан коронавирус анықталған.

9 шілдеде денсаулық сақтау министрлігі 29 маусым – 5 шілде аралығында Қазақстанда пневмониядан 415 адамның көз жұмғанын хабарлады. 3 шілдеде Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова биылғы жылдың алғашқы жартысында елде пневмониядан 1772 адам, оның 628-і бір ғана маусым айында қайтыс болды деп мәлімдеген.

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан қайтыс болғандардың ресми статистикасына өзге дерттен, соның ішінде пневмониядан көз жұмғандарды қоспай отыр. Министрлік 6 шілде күні елдегі COVID-19 коронавирусынан қайтыс болғандар статистикасын жаңартқан кезде тізімде 264 адам болған. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 54747 адамға жеткен. 31,8 мың адам жазылған.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57
  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42