Цой: Қазақстанда бір аптада симптомдары коронавирусқа ұқсас пневмонияға 39 мың адам шалдықты

11.07.2020, 20:59

27

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 10 шілдедегі үкімет отырысында 1-8 шілде аралығындағы аптада елде симптомдары коронавирустікіне ұқсайтын, бірақ “нақтыланбаған” пневмониямен 39 702 адам ауырғанын айтты. Шенеунік пневмонияға шалдыққан науқастардың жартысында ПТР анализінен коронавирус табылмады деп мәлімдеді.

Министрдің сөзінше, биыл маусымда пневмониядан қайтыс болғандар саны былтырғы көрсеткіштен 2,3 есе өсіп 628-ге жетті. Былтыр маусымда бұл аурудан 274 адам көз жұмған.

Сонымен қатар 2020 жылдың алғашқы алты айында пневмонияға шалдыққандар 55,4 пайызға артып, 98 546-ға жеткен. Былтыр алты айда 63 436 адам пневмониямен ауырған.

Цой елде коронавирустан ресми 313 адам қайтыс болғанын айтты.

Денсаулық сақтау министрлігі тек жақын арада ғана ауру белгілері коронавирустікіне ұқсайтын ПТР нәтижесі теріс пневмония жағдайларын “коронавирус салдары болуы мүмкін” деп жіктей бастады. COVID-19 ресми статистикасына бұл мәліметтер қосылып жатқан жоқ. Сондай-ақ кей жағдайда ресми COVID-19 өліміне коронавирус жұқтырып қайтыс болғандар да кірмей жатыр. Арнайы комиссия қайтыс болғандардан коронавирус анықталса да, өлімнің себебі өзге ауру деп анықтап жатыр. Сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігі маусымның соңынан бастап COVID-19 өлімін аптасына бір рет хабарлауға көшті.

Кейбір эксперттер бұл әдісті сынға алды. Олардың айтуынша, билік осы арқылы эпидемияның ауқымын жасырғысы келеді.

Қазақстанда “коронавирустік емес” пневмония тарап жатыр деген хабар тараған соң, Қытай елшілігі 9 шілде күні өз азаматтарына Қазақстанда “COVID-19 ауруынан да қауіпті” респираторлық ауру бар деп мәлімдеп, сақ жүруге шақырды. Бұл мәлімдеме халықаралық қауымдастықтың назарын аударып, денсаулық сақтау министрлігі ақпаратты жоққа шығаруға мәжбүр болды. Министрлік “кей бұқаралық ақпарат құралдарындағы” хабарламаны “шындыққа сай емес” деді, бірақ Қытай елшілігі туралы сөз айтпады.

Ресми түрде Қазақстанда коронавирус инфекциясын 54 747 адам жұқтырған. COVID-19 өлімі рет соңғы рет 7 шілде күні хабарланған еді. Ол кезде көз жұмғандар 264 адамға жеткені айтылған. Цойдың кешегі үкімет отырысындағы сөзінен 8 шілдеден бері кемі 49 адамның көз жұмғаны белгілі болды. Цой сондай-ақ 2020 жылдың алғашқы алты айында пневмониядан 1772 адамның, тек маусымда 628 адамның қайтыс болғанын айтты. Бірақ олардың арасында “коронавирус” жұқтырғаны қанша екенін министр нақтыламады.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56
  • "Көлігім жоқ болса да қарыз төледім" - салық органдарына шағымданатындар көп
    21.11.2020, 11:05
  • Билбордтардан не пайда, жемқорлар саны азаймаса?
    21.11.2020, 10:52