ДДСҰ: Қазақстандағы пневмония COVID-19 болуы мүмкін

13.07.2020, 02:59

14

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдайлар жөніндегі директоры Майкл Райан Қазақстандағы пневмонияның көбі COVID-19 ауруы болуы мүмкін деді. Оның сөзінше, пневмонияның көптеген қоздырғышы болуы мүмкін, бірақ елде коронавирус өршуін ескерсе, олардың көбі COVID-19 ауруы болуы ықтимал.

“Ел билігі кейінгі жеті күнде 10 мыңнан астам адамнан COVID-19 анықталғанын айтты. Демек елде коронавирустың өзі қатты өршіп отыр. Біз қазір тестілеуге және оның сапасына көңіл бөліп жатырмыз. Пневмонияға шалдыққандардың тесттері жалған теріс нәтиже көрсетуі мүмкін. Бұл рас болса, пневмонияға шалдыққандардың көбі COVID-19 инфекциясын жұқтырған болуы мүмкін. Бірақ мұны уақыт көрсетеді” деді Райан жұма 10 шілде күні Женевадағы брифингте.

<div class=«c-sticky-element» data-sp_api=«youtube»>

ДДСҰ-ның Қазақстандағы індеттің өршуіне назар аударуына елдегі Қытай елшілігінің хабарламасы түрткі болды. 9 шілде күні елшілік азаматтарына Қазақстанда “COVID-19 вирусымен салыстырғанда әлдеқайда көп адамның өліміне әкеп соғатын” “белгісіз пневмония” бар деген ақпар таратқан. Елшілік сайтында жарияланған бұл хабарламаны Гонконгтің South China Morning Post басылымы іліп әкетіп, әлемдік БАҚ-тың назарын аудартты. Кейінгі екі үш күнде батыс басылымдары Қазақстандағы “белгісіз пневмония”туралы жарыса жазды. 10 шілде күні Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елшілік ақпаратын терістеді, бірақ “жалған”ақпаратты таратушы ретінде елшілікті емес, “кей БАҚ-тарды”көрсетті. Артынша Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоға қоңырау шалды. Елшілік бастапқы мәлімдемесіне өзгеріс енгізіп, “белгісіз” сөзін алып тастады.

Қазақстанда жаз басталғалы COVID-19 індеті өршіп, белгілері коронавирустікіне ұқсайтын ПТР нәтижесі теріс пневмония жағдайлары күрт артқан. Дәрігерлер қазір пневмонияның ушығатын уақыты емес, ауруды коронавирус инфекциясы қоздырып жатыр дейді. Денсаулық сақтау министрлігі министрлігі жақында пневмонияны ресми түрде “ықтимал коронавирустық инфекция”деп жіктеуге көшті. Алайда COVID-19 инфекциясының бар-жоғын анықтайтын ПТР талдауы теріс нәтиже көрсеткен пневмония жағдайлары коронавирус статистикасына әлі де кірмей отыр.

10 шілдедегі үкімет отырысында Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 1-8 шілде аралығында елде 56 809 пневмония жағдайы тіркелгенін, оның 39 702 жағдайында коронавирус белгілері байқалғанын бірақ ПТР нәтижесі теріс шыққанын айтты. Ресми дерек бойынша, тек маусымның өзінде пневмониядан 628 адам көз жұмған.

ДДСҰ төтенше жағдайлар жөніндегі директоры Майкл Райанның сөзінше, мұның ішінде коронавирустық емес қалыпты пневмония да болуы мүмкін.

“Біз осы [пневмония] жағдайларының көбінде COVID-19 инфекциясы болуы мүмкін деп ойлаймыз. Бірақ бұл түрлі қоздырғышы бар қалыпты пневмония болуы да мүмкін. Пневмонияның легионелла, хламидиоз немесе тұмау секілді неше түрлі қоздырғышы бар. Бірақ елдегі COVID-19 траекториясы осы пневмония жағдайларының көбі COVID-19 болуы мүмкін екенін меңзейді. Бірақ дәлел болмай, нақты айту мүмкін емес” деді Райан 10 шілдедегі брифингте.

Райан ДДСҰ-ның осы жағдайды зерттеу үшін Қазақстан билігімен жұмыс істеп жатқанын айтты.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда барлығы 56 455 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Оның 32 500-і жазылып шыққан, 313-і қайтыс болған.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04
  • Қымбатқа түскен «ноу-хау»
    22.10.2020, 10:52
  • Д. Ахметов: «Азаматтың қазасына себепкерлер жазасыз қалмайды»
    22.10.2020, 09:42
  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28