Ахметов аяқ баспаған Абыралы жұрты

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

04.09.2020, 14:24

628

        Облыс әкімінің креслосына отырған алты жыл ішінде Даниал Ахметовтің Абыралыға аттап баспағанын айтудың өзіне сөзіміз шығын. Осыдан бір жыл бұрын «Ахметов абыралылық «аборигендерді» біле ме?» деген мақаламызда талай жайды айтқанбыз (https://zhasalash.kz/article/2546-akhmetov-abyralylyq-aborigenderdi-bile-me).  Сол мақаламыздағы мына бір үзіндінің өзінен талай жайды аңғаруға болады: «Айтпақшы, осы тұста Ахметовтің алдында шығысты басқарған Бердібек Сапарбаев еріксіз еске түседі. 2009 жылы ШҚО әкімі қызметіне келген Сапарбаев Ахметовке қарағанда адамгершілік қасиеті биіктеу болса керек, бірнеше ай өткенде осы Абыралы өңіріне әдейілеп барды. Полигон аймағының мәселесімен танысып, халқымен жүздескенін жергілікті жұртшылық әрдайым ризашылықпен айтып жүреді. Өйткені абыралылықтар облыс әкімін 11 жыл бұрын шығысты басқарған Виталий Меттеден кейін көріп тұрғаны сол болатын». (25.06.2019 жыл) Иә, сонымен, сеніңіз-сенбеңіз, абыралылықтар облыс әкімін «тірідей» көрмегелі 10 жыл өте шығыпты.

     Ал қазір жолдың жағдайы ептеп жақсарып, жөндеуден өтіп жөнге келе бастағалы халықтың да көңілі орныққаны рас. Бұған дейін 7-8 сағат жүріп, үйіне әупірімдеп жететін қайнарлықтар ұзағанда бес сағатта жететініне тәубе айтады. Ал бұл, айналып келгенде, жергілікті атқарушы биліктің, шығыс шенеуніктерінің аттан түспей, «аттандап» жүріп атқарған шаруасының нәтижесі емес. Абыралы өңірі халқының жайына үнемі назар аударып, жолының төселіп, ауызсуының тартылуын, интернетпен қамтылуын қадағалаған мәжіліс депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың айрықша еңбегі екенін атап айтқан жөн.  Сол себептен де осыдан бірер апта бұрын орталарына арнайы келген мәжіліс депутатын Алғабас, Қайнар, Абыралы ауылдарының жұрты ерекше ықыласпен қарсы алды (анығын айтқанда, облыс әкімі Ахметов алты жыл аттап баспаған өңір депутатпен «жылап көрісті» деуге болады). Сайлаушылар аманатына жауапкершілікпен қарайтыны қай ауданға барса да, байқалып тұратын Сабильяновтың жоғарыда айтылған жергілікті мәселелердің дұрыс шешілуіне себепкер болғанының нәтижесі еді бұл.  

       Алдымен Қайнардың ар жағындағы 55 шақырым қашықтықта жатқан Алғабас ауылдық округінің халқымен кездесу жоғары деңгейде өтті деуге болады. Санитарлық талапты сақтай отырып, алғабастықтармен далада кездескен депутат қойылған сұрақтарға жауап бере отырып, ауыл тіршілігінің аз да болса көш ілгері екеніне көз жеткізді. Кезінде Қарағанды облысының құрамында болған Алғабастың өз тағдыры бар. Бірде Егіндібұлақ, бірде Қарқаралы аудандарына қараған ауылдың Абыралы ауданы болып құрылғанда Шығыс Қазақстан облысының территориясына өтіп, кейін аудан тараған соң, Семей қаласының құрамында қалып қойғаны өз алдына жеке мәселе. Ынтымағы ыдырамаған, тірлігі ширақ Алғабаста демографиялық өсім бары көңілге қуаныш ұялатады. Әттеңі сол – облыс орталығы Өскеменнен 570 шақырым алыста жатыр. Соған қарамастан, бірде Нұр-Сұлтан, бірде Қарағанды қаласымен тығыз байланыс орнатып, өз жоқтарын түгендеп отыр.  

    Нұртай Салихұлы Қайнар ауылының халқымен кездескенде көп жайлар айтылды. Басты ризашылық – қаламен арадағы жолдың қазір қарқынды жөнделіп жатқаны. Мәжіліс депутатының өзі де осы сапарында асфальт төсеп жатқан «Гордорстрой» серіктестігінің жұмысын тексеріп және арнайы көпір құрылысын жүргізіп жатқан компанияның да жұмыс нысанында болғанына куә болдық.  1 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының игерілу сапасын тексерген депутат қайнарлық сайлаушылармен кездесуде іс барысына көңілі толатынын білдіргенімен, әлі де шаруа жетерлік екенін жеткізді.

 – Мен сіздерге бір шындықты айтайын. Осы жол мәселесін қолға алғанымда шығыстан ешкім де қолдау көрсеткен жоқ. Дегенмен жергілікті ауыл халқы өздері бас болып, хат жолдағаннан кейін құзырлы, жауапты органдарға бардым. Шенеуніктер кіріскісі келмейді. Неге? Жолдың республикалық маңызы болғанымен, автокөлік аз жүреді дегендей желеулер айтылды. Соған қарамастан, республикалық бюджет парламентте талқыланғанда мәселені күн тәртібіне қойдым. 2017 жылы жолдың жөнделуі жақсы жүргізілді. Одан кейін әртүрлі себептермен тоқтап қалды. Содан соң араға уақыт салып, қайтадан кірісіп, министрлік арқылы «Қазавтожол» мекемесінің жұмыс ретіне қойдым. Әрине, бұл менің емес, сіздердің бірлесе талап етіп, мәселені үнемі көтергендеріңіздің арқасы. Мен өз тарапымнан премьер-министрге дейін хат жолдап, назар аударуын сұрадым. Міне, көріп отырсыздар, бірқатар жайлар оң шешімін тапты. Биыл 46 шақырымы орташа жөндеуден өтеді. Одан бөлек, Саржалға дейінгі жол қашықтығының 12 шақырымы жөнделді. Тау ішіндегі 82 мен 208 шақырымындағы 26 шақырым және 112 мен 132 шақырым аралықтары биыл жөнделетін болады. Тиісті министрлік пен «Қазавтожол» аяқталуына уәде беріп отыр. Әртүрлі жағдайлар орын алатыны рас. Дегенмен бұл жолдың жөнделуі әлі де бақылауымда, – деді Н.Сабильянов қайнарлықтармен кездесуінде.

        Сонымен, алғашында сапарын Абай ауданынан бастаған Н.Сабильянов артынша Абыралы, Аягөз, Үржар аудандарында және Шұбартау өңірінің ауылдарында болып, кездесулер өткізді. Бұл туралы депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында күнделікті жариялап отырды. Әлеуметтік желі арқылы сұрақ жолдаған кімнің болсын сөзін жауапсыз қалдырмайтынынан шығар, халық Нұртай Салихұлына үнемі үміт артады, сөзін ынтамен тыңдайды, қалтқысыз сенеді және ризашылығын білдіреді.

  

Тегтер: мәселе қоғам әкім халық кездесу

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:55
Шымкенттік жас ғалым ғаламат технология ойлап тапты
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:44
Кавасакимен ауырған бала жоқ
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:37
Қоқыс мәселесі шешімін табуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 28.09.2020, 14:28
Қарағандыда тағы да төрт елді мекенде құс тұмауы бар деген жормал жасалды
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 09:57
Павлодар облысында 9 оқушыдан коронавирус анықталды
Сайт әкімшілігі 27.09.2020, 15:39
Шымкенттің ирригация жүйелері жаңаруда

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43