Тасмағамбетов: Ресей мен АҚШ диалогы – жаһандық тұрақтылықтың кілті

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясы кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, қазіргі геосаяси жағдайға, әсіресе Ресей мен АҚШ арасындағы басталған диалогқа қатысты пікір білдірді.
Бас хатшының айтуынша, Ресей мен АҚШ арасындағы саяси және дипломатиялық арналардың қайта жандануы – халықаралық қауіпсіздік тұрғысынан үміт ұялататын оң белгі.
– Әскери-саяси жағдайды тұрақтандыру тұрғысынан алғанда, Ресей мен АҚШ өкілдерінің байланысқа шыққанының өзі – маңызды жайт. Ресей мен АҚШ арасындағы диалогтың мультипликативтік әсері жаһандық үдерістерге тікелей ықпал етіп, Еуразияның түрлі өңірлеріндегі, соның ішінде ҰҚШҰ жауапкершілік аймағындағы шиеленісті азайтуға көмектеседі, - деді ол.
ҰҚШҰ басшысы Оңтүстік Азиядағы қауіпсіздік жағдайына да алаңдаушылық білдірді. Атап айтқанда, Үндістан мен Пәкістан арасындағы ұзақ жылдарға созылған текетірестің әскери қақтығысқа ұласу қаупі әлі де жоғары екенін атап өтті.
– Соңғы уақытта қарсыластықтың қызуы бәсеңдегенімен, қақтығыстың "ыстық фазаға" ауысу қаупі әлі де жоғары. Біз екі тарапты және халықаралық қауымдастықты бар мүмкіндікті пайдаланып, қарулы текетіресті бәсеңдетуге және жағдайдан бейбіт жолмен шығудың амалдарын іздеуге шақырамыз, - деді Тасмағамбетов.
Сондай-ақ, Тасмағамбетов Орталық Азиядағы тұрақтандыру үдерістеріне оң баға беріп, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара мәселесінің реттелуін маңызды жетістік ретінде атап өтті.
Сөз соңында Тасмағамбетов бұған дейін тараған жалған ақпараттарға да тоқталды. Ол наурыз айында ресейлік «Известия» басылымына берген сұхбатынан кейін әлеуметтік желілерде Қазақстанның Украинадағы соғысқа әскер жіберуі мүмкін деген негізсіз ақпараттардың тарағанын еске салды.
– Бұл — шындыққа жанаспайтын алыпқашпа сөздер. ҰҚШҰ аясында қабылданатын кез келген шешім халықаралық құқық пен ұйым Жарғысына толық сай келуі тиіс. Ұйым бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған, - деді Тасмағамбетов.