Атырауда өткен күзде жоғалған қыздың денесі сегіз айдан кейін табылды

Атырау қаласының 22 жастағы тұрғыны Яна Легкодимова 2024 жылдың 18 қазанында із-түссіз жоғалып кеткен болатын.
Бірнеше күннен кейін полиция 24 және 25 жастағы екі жігітті ұстады. Тергеу барысында олар Янаны тұншықтырып өлтіріп, денесін Талдықөл ауылы маңындағы Жайық өзеніне тастағандарын мойындады. Қылмыстың басты дәлелі — Янаның күнделігі болды. Онда қыз күдікке ілінгендердің бірін атаған. Қылмыстың нақты себебі әлі күнге дейін белгісіз.
Күдіктілер кінәсін мойындағаннан кейін ауқымды іздестіру жұмыстары басталған. Құтқарушылар, кинологтар, дрондар мен эхолоттар өзен жағалауын, түбін және қамыстарды іздеген. Алайда қыс түсіп, өзен қатып қалған соң, іздеу жұмыстары тоқтатылған.
2025 жылғы көктемде іздеу қайта басталды. Мыңдаған шаршы метр жер тексерілді, бірақ мәйіт тек маусым айының соңында табылған.
Бірнеше күн бұрын белгілі болған сараптама қорытындысы оның шын мәнінде Яна Легкодимова екенін растады.
Осы уақыт аралығында Янаның анасы — Галина Легкодимова үмітін үзбей, ең болмағанда жалғыз қызының сүйегін жерлеуді армандап, күн сайын жаңалық күтіп жүрді. Жергілікті халық анаға әлеуметтік желілер арқылы қолдау білдіріп, сабыр мен күш тіледі. Янаның қазасы – ерекше ауыр трагедия. Ол өңірдегі ең үздік студенттердің бірі болған. Мектепті үздік бітіріп, Атырау мұнай және газ университетіне грантпен түсіп, кейін магистратурада оқыды. Диплом жұмысын сәтті қорғап, ғылыми-зерттеу институтында еңбек етті. Болашағынан үлкен үміт күттірген жас маман болатын.
Қайғылы оқиға болардан біраз бұрын ол қазақ және ағылшын тілдерінен тестті жоғары балмен тапсырып, ғылым жолын жалғастырып, аспирантураға түсуді жоспарлаған.
Енді бұл істі сот қарайды. Қылмыстың нақты себебі әлі ресми түрде жарияланған жоқ.