“Енді Тегеранды тексере алмайды”: Иран МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтатты

Иранның Конституция сақшылар кеңесі МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтату туралы заң жобасын мақұлдады.
Бұл туралы Конституция сақшылар кеңесінің ресми өкілі Хади Тахан Назиф мәлімдеді.
Оның айтуынша, Иран үкіметінің МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтатуын міндеттейтін жоба кеңес мүшелері тарапынан қаралып, ислам заңдары мен ел Конституциясына қайшы деп танылмаған. Енді МАГАТЭ инспекторлары Иранда тексеру жүргізу үшін алдымен Ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесінен арнайы рұқсат алуы қажет. Құжатта көрсетілгендей, Тегеран өз ядролық нысандарына бақылау камераларын орнатудан бас тартуға, сондай-ақ Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке есеп беруді тоқтатуға құқылы.
Аталған талаптар Иран ядролық нысандарының қауіпсіздігі толық кепілдендірілгенше өз күшінде қалады.
Сондай-ақ, Таяу Шығыста жағдай біршама тұрақталған соң, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сот алдында жауап беретін болды. Бұл жаңалықты ауыр қабылдаған Дональд Трамп әлеуметтік желіде әріптесін қолдап, өз елінің «қаһарманын» жау ретінде көрсеткеніне наразылық білдірді. Израильдің саяси сахнасындағы ең ықпалды тұлға сот ісіне тартылған сәтте, әлем қақтығыстардан кейінгі қалыпты өмірге біртіндеп бет бұрып жатыр. Жөндеу жұмыстары басталып, бүлінген инфрақұрылым қалпына келтірілуде. Алайда сарапшылар бұл тыныштықты тұрақтылықтың белгісі емес, уақытша үзіліс ретінде бағалап отыр.
Израиль Иранмен болған қақтығыс кезінде шамамен 3 миллиард доллар (10 миллиард шекель) көлемінде шығынға ұшырағанын мәлімдеді. Бұл қаражат негізінен зақымдалған инфрақұрылымды қалпына келтіру мен жергілікті кәсіпкерлерге өтемақы төлеуге жұмсалмақ.
Бұл – біздің тарихымыздағы ең күрделі сынақ. Бұған дейін Израильде мұндай ауқымды қирандылар тіркелген емес, - деді елдің Салық басқармасының басшысы Шай Ааронович.
Аталған сомаға соғыс барысында пайдаланылған қару-жарақ пен әуе қорғаныс жүйелерін қайта толықтыру шығындары кірмейді. Сондықтан нақты залал көлемі бұдан әлдеқайда көп болуы ықтимал.
Израиль тарапының айтуынша, бұл қақтығыс бұрынғылардан әлдеқайда қымбатқа түсті. Себебі шабуылдар сипаты өзгерген – бұған дейін негізінен ауылдық немесе сирек қоныстанған аумақтар нысанаға алынса, бұл жолы соққылар Тель-Авив агломерациясы мен орталық өңірлерге бағытталған. Бұл аймақтарда Израиль халқының жартысына жуығы тұрады.
Ресми Тель-Авив Ираннан атылған зымырандардың қуатты болғанын ашық мойындап отыр.
Сонымен бірге, Иран билігі қазіргі таңда Вашингтоном ешқандай келіссөз жүргізу жоспары жоғын мәлімдеді. Бұған дейін АҚШ президенті Трамп журналистерге Тегеран диалогқа дайын екенін айтып, алдағы аптада екіжақты келіссөздер жалғасатынын хабарлаған еді. Алайда Иран бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі ешқандай уәде берілмегенін және бұл мәселе бойынша ешқандай талқылау болмағанын атап өтті.
Бұған дейін нәтижесіз аяқталған келіссөздерден кейін Иран тарапы мұндай кездесулерге сенімсіздікпен қарайтынын жеткізген. Дегенмен, Тегеран соңғы шешім Иран халқының мүддесіне сай қабылданатынын мәлімдеп отыр.