Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 17:25

Зеленский: Бүгін Киевке жасалған соққы – ең ауыр шабуылдардың бірі

Зеленский
Фото: myseldon

Украина президенті Владимир Зеленский 10 маусымға қараған түні Киевке жасалған әуе шабуылын соғыс басталғалы бергі ең ауқымды және жойқын соққылардың бірі деп бағалады. 

Оның айтуынша, Ресей армиясы дрондармен Украина астанасына және Одесса қаласына бір мезгілде шабуыл жасаған.

Украина билігінің мәліметіне сәйкес, Ресей түнгі уақытта барлығы 315 ұшқышсыз ұшу аппаратын жіберген. Шабуыл кезінде ирандық Shahed дрондары кеңінен қолданылғаны хабарланып отыр.

— «Ресейдің бұл шабуылы АҚШ пен өзге де елдердің Ресейді бейбіт келіссөзге итермелеуге бағытталған әрекеттерінен әлдеқайда күшті. Бұл соққы — соңғы кезеңдегі ең ауыр әрі ауқымды шабуылдардың бірі», - деді Зеленский.

Одесса қаласына жасалған соққы салдарынан 2 адам қаза тауып, 13-ке жуық адам түрлі жарақат алған. BBC агенттігінің хабарлауынша, шабуыл нәтижесінде тұрғын үйлермен қатар, перзентхана, жедел жәрдем станциясы, жеке клиника, спорт кешені, хайуанаттар бағы мен теміржол вокзалы да зақымданған.

Киевте 4 адам жарақат алғаны расталды. Қаланы шабуылдау кезінде тұрғын үйлер, бизнес-орталықтар, қоймалар мен теміржол инфрақұрылымы зардап шеккен. Түнгі жарылыстар қаланың бірнеше ауданында тіркелген.

Зеленский өз мәлімдемесінде Батыс елдерін және Ресей агрессиясына бей-жай қарамайтын өзге мемлекеттерді нақты және қатаң қадамдар жасауға шақырды.

— «Ресейдің мұндай шабуылдарына әлем үнсіз қалмауы тиіс. Америка Құрама Штаттары әрекет етуі керек – өйткені оның Ресейді бейбітшілікке мәжбүрлеуге әлеуеті жеткілікті. Еуропа да күш біріктіріп, нақты позиция ұстануы қажет. Өз үндеулеріне құлақ аспаған Ресейге қарсы өзге елдер де әрекет етуі тиіс. Бейбітшілік – тек қатаң қысыммен ғана орнайды», – деді Украина президенті.

Аталған шабуылдар Украинадағы соғыстың жаңа кезеңге өткенін аңғартады. Ресей тарапы қысым мен санкция жағдайында соғыс тактикасын өзгертіп, дрондар мен ұзақ қашықтықтағы соққыларға көбірек иек арта бастаған.