Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:40

Тимур мен Динара Құлыбаевтар миллиардтаған дивидендтен бас тартты

Құлыбаевтар
Фото: zhasalash.kz

Тимур мен Динара Құлыбаевтардың негізгі активтерінің бірі саналатын «Алмэкс» холдингтік тобы 2024 жылға дивиденд төлемейтін болды.

Қаржылық есептілік депозитарийінің сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, компанияның 22 млн 730 мың дауыс беруші акциясының иелері өткен жылдың табысын бөлмеу және дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдаған.

Құлыбаевтар «Алмэкс» холдингі арқылы «Халық банкінің» 69,7 пайызын бақылайды. Бұл банк ерлі-зайыптылардың ең негізгі әрі табысты активтерінің бірі саналады. 

KASE сайтында жарияланған есепке сәйкес, 2025 жылдың алғашқы үш айында Halyk Bank-тің таза пайыздық табысы 325,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30,1 %-ға артқан. Банк қызмет пен комиссиялардан тағы 33,7 млрд теңге тапқан — бұл да өткен жылмен салыстырғанда 13,4 %-ға көп. Ал жалпы таза пайда 275 млрд теңгені құрады — бұл 2024 жылдың басымен салыстырғанда бір жарым есе көп (+54,5 %).

Halyk Bank мұндай қаржылық өсімді несие беру көлемі мен транзакциялық бизнестің ұлғаюымен байланыстырады. Сондай-ақ клиенттер саны артып, олар бұрынғыдан да жиі операция жүргізген. Шығындар да 22,2 %-ға өскен — бұл көбіне жалақы мен сыйақылардың индексациясына байланысты.

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк активтері 18 трлн 855,9 млрд теңгені құрады — бұл жыл басынан бері 1,7 %-ға артқан. Ал міндеттемелер көлемі 0,6 %-ға өсіп, 15 трлн 574,3 млрд теңгеге жетті.

Halyk Bank көрсеткен пайданының басым бөлігі Құлыбаевтар отбасының қалтасына тікелей түседі. Айта кетейік, «Алмэкс» 2023 жыл үшін де дивиденд төлемеген еді. Forbes Kazakhstan басылымының дерегінше, «Қазақстан халық жинақ банкі» АҚ тарапынан төленген жалпы дивиденд көлемі 276,14 млрд теңгені құраған, оның шамамен 192,5 млрд теңгесі «Алмэкс» компаниясына тиесілі болған.

Құлыбаевтар биылғы жылы қанша ақша ала алар еді деген сұраққа жауапты 2024 жылғы наурызда төленген соңғы дивидендтен шамалауға болады — ол кезде төлем көлемі шамамен 89 млрд теңге болған.

Бұған дейін (реплайда) Тимур Құлыбаевқа тиесілі тағы бір компания — «Каспий мұнай» АҚ екінші жыл қатарынан дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдағаны хабарланған еді. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша «Каспий нефть» АҚ-ның таза пайдасы 8,9 млрд теңгеге бағаланған. Ал 2024 жыл қорытындысы бойынша компанияның жалпы пайдасы 21,2 млрд теңгені құраған.