Қазақстан ресейлік тарихшының елге кіруіне тыйым салды: мұның басты себебі неде?

Ресей тарих ғылымдарының кандидаты Андрей Грозин Қазақстанға кіре алмай қалған.
РБК-ның хабарлауынша, Андрей Грозин — ТМД елдері институтының Қазақстан мен Орталық Азия жөніндегі бөлімін басқарады. Ол елордада өтетін бірқатар шараларға қатысу мақсатында Астанаға келген. Алайда 27 сәуір күні шекаралық тексеру кезінде оған Қазақстанға кіруге рұқсат берілмей, кіру шектелген. Бұл шешімнің нақты себебі айтылмаған. Нәтижесінде тарихшы кері қайтып, Мәскеуге оралған.
ТМД елдері институтының директоры әрі Мемлекеттік дума депутаты Константин Затулин бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, Қазақстан шекарасындағы әрекеттердің «түсініксіз әрі қонақжайлықтан алшақ» сипат алып бара жатқанын атап өтті.
Кіргізілмеуінің себебі қандай?
Андрей Грозиннің Қазақстанға кіруіне тыйым салынуына қатысты ресми билік әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ. Алайда саясаттанушы Марат Шибұтов Telegram-арнасында бұл шешім Ресейдің қазақстандық зерттеушілерге жаппай шектеу қоюына жауап ретінде қабылданған болуы ықтимал екенін мәлімдеді.
«Бұған дейін мен ресейлік тарихшылармен бірлескен топта жұмыс істеген қазақстандық ғалымдардың түгелге жуығына (бір адамнан басқасына) 2022-2023 жылдары Ресейге кіруге тыйым салынғанын жазғанмын. Бұл – еліміздің барлық ғылыми элитасы: институт директорлары, ғылым докторлары мен академиктер. Олардың бәріне Ресейге баруға рұқсат жоқ. Бір тарихшымыз тіпті Шереметьевода заңсыз мигранттармен бірге бір тәулік отырып, елшілік көмектескен соң ғана елге қайтқан. Бұдан бөлек, бірқатар депутат пен өзге де саясаткерлерге де тыйым салынды», - дейді Шибұтов.
Саясаттанушының айтуынша, бұл жағдайға байланысты Қазақстанның мемлекеттік мекемелері ресейлік тарапқа ресми түрде жүгінген, алайда ол жақтан қандай да бір түсіністік байқалмаған.