Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:40

Қазақстан СІМ Орталық Азиядағы қауіпсіздікке алаңдаушылық білдірді

Трамп
Фото: zhasalash.kz

АҚШ-тың Иранға жасаған соққыларына байланысты Қазақстан СІМ Орталық Азиядағы қауіпсіздікке алаңдаушылық білдірді.

Қазақстан қақтығысты, соның ішінде «ядролық мәселені» БҰҰ Жарғысына негізделген келіссөздер арқылы шешуге шақырады.

Қазақстан Каспий маңындағы елдер тобына кіреді және Иранмен әртүрлі салаларда ынтымақтастықты дамытып келеді. АҚШ-тың соққылары халықаралық жағдайды ушықтырып, бұл Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.

«Қазақстан Каспий маңы елдерінің тобына кіреді және Иранмен түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамытуда. Мемлекетіміз барлық келіспеушіліктерді, оның ішінде ядролық мәселелерді БҰҰ Жарғысы негізінде келіссөздер жүргізу арқылы шешу қажет деп санайды.

Барлық мүдделі елдерді ядролық қарудың таралуына жол бермеу және халықаралық бақылаумен таратпау режимін ұстанатын мемлекеттердің қауіпсіздігіне кепілдіктер беру мақсатында келісімді жақын арада әзірлеуге шақырамыз», - делінген Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Сондай-ақ, Ресей АҚШ-тың Иранға жасаған соққыларын қатаң айыптады.

"АҚШ-тың егемен мемлекеттің аумағына зымырандық және бомбалық соққылар жасауы – жауапсыз шешім", - деп жазды Ресейдің Сыртқы істер министрлігі. Мәскеудің мәлімдеуінше, Вашингтон халықаралық құқықты, БҰҰ Жарғысын және Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын өрескел бұзды.

«Бұл әрекеттің салдарын, соның ішінде радиологиялық зардаптарын зерттеу керек. Алайда дәл қазірдің өзінде аймақтық және жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіретін қауіпті эскалацияның жаңа кезеңі басталғаны анық», - делінген Ресей СІМ мәлімдемесінде.

Ресей агрессияны дереу тоқтатып, саяси-дипломатиялық жолға оралуға шақырды.

АҚШ-тың таңғы бомбалау әрекеттері халықаралық нормалар мен келісімдерді бұзу болып саналады, сондықтан әлемдік қауымдастық бұл әрекетті айыптайды деп күтетінін мәлімдеді елдің Атом энергиясы ұйымы.

«Жау дұшпандардың зұлым пиғылды астыртын әрекеттеріне қарамастан, мыңдаған революциялық рухтағы әрі ынталы ғалымдар мен мамандардың қолдауымен бұл ұйым (Атом энергиясы ұйымы) ядролық шейіттердің жанкешті еңбегінің жемісі болып табылатын ұлттық саланың дамуын тоқтатуға жол бермейді», - делінген хабарламада.

Шабуылдардан кейін Иран Израильге қайта зымырандар ұшырды.