Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 31 Шілде 2025

Әйелдер зейнет жасын төмендетуді сұрайды

Зейнет
Фото: ашық дереккөз

Бүгінгі таңда ел ішінде ең жиі көтеріліп жүрген әлеуметтік мәселелердің бірі әйелдердің зейнетке шығу жасына қатысты.

Өз құқықтары үшін күресіп жүрген «Қазақ әйелдерінің зейнет жасын төмендету қозғалысы» мүшелері 4 жылдан астам уақыт бойы үкіметке, парламентке, министрліктерге тынымсыз үндеу жолдап келеді.

Бұрынғысынша 58 жасқа қайтару талабын әзір орындата алмайтынын білген соң олардың ендігі ұсынып отырғаны – тым құрыса бірнеше әлеуметтік осал топқа 58 жастан толық зейнетке шығу құқығын беру. 2022 жылдың басында денсаулық сақтау министрлігі өкілдері ұсынған ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде 55 пен 63 жас аралығындағы 857 мың әйелдің жартысынан көбі түрлі аурумен диспансерлік есепте тұр. Оның ішінде 440 мыңы жүрек-қан тамырлары ауруларына, 135 мыңы эндокриндік жүйе бұзылыстарына (қант диабеті, қалқанша безі), 58 мыңы онкологиялық ауруларға, одан бөлек, тағы мыңдаған әйел тыныс алу жолдары, асқорыту, тірек-қимыл, жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан болып шықты.

Әйелдер қозғалысының айтуынша, жылдар бойы өткізілген кездесулер, жазылған мыңдаған хат, ұйымдастырылған жиындар мен пикеттерге қарамастан, мемлекеттік органдар жаттанды жауаптар берумен шектеліп келеді. Жұмыс топтары құрылғанымен, нақты нәтиже болмай отыр. Халық үмітпен қараған үкімет те, парламент те үнсіз.

Қозғалыс белсенділері бірқатар өз ұсынысын берген. Алдымен 2028 жылдан бастап жоспарланған зейнет жасын көтеруді тоқтатып, 61 жаста қалдыруды сұрайды. Одан соң 80 жасқа дейін өмір сүру ұзақтығы жеткенде ғана бұл мәселені қайта қарастыруға үндейді. Сонымен бірге 58 жастан бастап толық зейнетке шығу құқығын беруді де айтып отыр. Бұл ұсыныс бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс таба алмаған, арнайы тіркеуде тұрған, жеңіл еңбекке жарамды орындар жоқтығынан жұмыссыз жүрген әйелдерге қатысты.

Бұл мәселелер алдағы уақытта рет-ретімен, оң шешімін табады деп үміттенеміз.

Шарапат БИҒАЛЫМБЕК

Тегтер: