Шампурды жүрек тұсына сұғып алған: мектеп бітірушінің өліміне қатысты толық мәлімет

Мектеп бітірушілер оқу жылының аяқталғанын атап өту үшін коттедж жалдап, кеш ұйымдастырған.
Оқиға Алматы облысы Қаскелең қаласында орын алған. Қайғылы оқиға мектеп бітіру құрметіне ұйымдастырылған кеш кезінде болғаны анықталды. Сол кеште мас күйде болған жасөспірімнің әрекеті басқаларға қауіпті бола бастады. Ол қолына шампур алып, айналасындағыларға қорқыту жасап, ерсі қылықтар көрсеткен. Алғашында бұл қылықтары күлкі туғызғанымен, кейін жағдай ушыға түсті. Қыздар наразылық таныта бастағанда да ол сабасына түспеген.
Кештің қызған шағында қонақтардың бір бөлігі оқиғаның соңы жақсылықпен бітпейтінін түсініп, кетіп қалмақ болған. Сол сәтте сау күйдегі бір жасөспірім құрбыларын қорғап, достарын сабырға шақырмақ болды. Алайда дәл сол кезде ол жүрек тұсынан шампурмен жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды.
Марқұм – 2007 жылы туған жасөспірім. Жедел жәрдем келгенге дейін жан тапсырған.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
– Адам өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция қызметкерлері күдікті — жәбірленушінің сыныптасын анықтап, ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады, - делінген хабарламада.
Қылмыс жасаған жасөспірімнің ата-анасына бала тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін айыппұл салынды.