Қырғызстанның экс-президенті Атамбаевқа жаңа жаза тағайындалды

Бішкекте Первомай аудандық соты Кой-Таш оқиғасына қатысты атышулы іс бойынша үкім шығарды.
Бұл сот процесі бес жылдан астам уақытқа созылған болатын.
Kaktus.media хабарлауынша, басты айыпталушы — Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот оның мүлкін тәркілеп, барлық мемлекеттік марапаттарынан айыруға шешім қабылдады.
Судья Азірет Медеров Атамбаев пен экс-вице-премьер Аскарбек Шадиевке мемлекет пайдасына 5,4 миллиард сом төлеуді міндеттеді. Шадиев 15,5 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленетін болды. Бостандыққа шыққан соң ол үш жыл бойы мемлекеттік қызметке тұра алмайды.
Басқа айыпталушылар да түрлі мерзімге сотталды: Фарид Ниязов пен Равшан Жээнбеков 7 жыл 8 айға қамалды. Экс-президенттің жеке күзетшісі Қанат Сағымбаевқа 7,5 жыл жаза кесілді, алайда ол 5 жылға сынақ мерзімімен босатылды.
Кейбір айыпталушыларға пробациялық бақылау белгіленіп, кейбіріне қылмыстық жауапкершілік мерзімі өтіп кеткендіктен жаза қолданылған жоқ.
Осылайша, сот 2019 жылы Кой-Таш ауылындағы резиденцияда Атамбаевты ұстау әрекетінен кейін басталған, Қырғызстандағы ең шулы істердің біріне нүкте қойды.
Атамбаев бірнеше қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылды: Кой-Таш ауылынан заңсыз жер телімдерін алу, Бішкек ЖЭО-ның жаңғыртылуы кезінде орын алған сыбайлас жемқорлық және 2019 жылғы 7–8 тамызда болған жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру.