Украиналықтар Ресей мен Грузия шекарасында аштық жариялады

Ресейден депортацияланған кемінде 15 украин азаматы Грузиямен шекарадағы «Верхний Ларс – Дарьяли» өткізу бекетінде наразылық ретінде аштық жариялады.
Олар Украина консулымен кездестіруді, не себепті ұсталғандарын түсіндіруді, медициналық көмек көрсетуді және Украинаға кедергісіз өтуге кепілдік беруді талап етіп жатыр.
6 тамыз күні таңертең украиндықтар Грузия кеден қызметінің басшысына ресми өтініш тапсырған. Бұл туралы «Новая газета Европа» басылымы хабарлады. Аталмыш мәлімдеме Украина елшілігіне, Грузия омбудсмені аппаратына, Бас прокуратураға, Amnesty International мен Human Rights Watch құқық қорғау ұйымдарына, сондай-ақ БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігіне жолданған.
Қазіргі уақытта украиналықтар шекарадағы буферлік аймақта, терезесі жоқ жертөледе ұсталып отыр. Олардың арасында бұрын Ресей түрмесінде отырып шыққандар да, соғысқа қарсы шыққан қарапайым азаматтар да бар. Көбісінде жеке басын куәландыратын құжаттар жоқ.
Грузия билігінің айтуынша, ұсталғандардың көпшілігі ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған, ал құжаттарының болмауы олардың елге кіруіне қауіп төндіреді.
Айта кетейік, «Дарьяли» — Ресейден шығарылған украин азаматтарының елден шығуына мүмкіндік беретін жалғыз шекара өткелі. 5 маусымнан бері онда жүзге жуық украиналық, негізінен ер адамдар, қиын жағдайда ұсталып келеді.
3 тамызда Украинадағы Дезинформацияға қарсы күрес орталығы Мәскеу таратқан «Киев 90 украин азаматын қабылдаудан бас тартты» деген ақпаратты жоққа шығарды. Украина тарапы азаматтығы расталған жағдайда отандастарын қайтару үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.