BI Group жұмысшысының қазасы: министрлік «мердігер кінәсін» атады

Астанадағы Abyroi тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында орын алған қайғылы оқиғаға қатысты Индустрия және құрылыс министрлігі пікір білдірді.
18 шілде күні кешке күшті жел салдарынан мұнаралы кран құлап, кабинада отырған жұмысшы көз жұмған еді.
Астана қалалық полиция департаменті оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 277-бабы («Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша іс қозғап, тергеу басталғанын хабарлады.

BI Group өкілдері кранның техникалық жағынан ақаусыз болғанын, сол күні таңертең барлық тексеруден өткенін мәлімдеді. 22 шілде күні Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков үкіметтегі баспасөз мәслихатында оқиғаға қатысты былай деді:
«Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы талаптар МЧС құзырында. Барлық күрделі механизмдер, көтергіш және көлік құрылғылары уақытылы техникалық байқаудан өтеді».
Оның айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде қауіпсіздік техникасы талаптарын міндетті түрде сақтау көзделген.
«Бұл жағдайда мердігер ұйым немесе техниканы пайдалануға жауапты тұлға тарапынан анық ережебұзушылық болған».
Жүнісбековтің сөзінше, қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдау жоспарланып отырған жоқ, себебі мұндай талаптар заңнамада бұрыннан қарастырылған.
Айта кетейік, маусым айының басында Алматыда Satpaev тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында да кран құлау оқиғасы тіркелген.