“Нацистік режим”: Аргентинада Гитлердің қолы қойылған құжаттар табылды

Аргентина астанасы Буэнос-Айрестегі бұрынғы әділет министрлігінің жертөлесінен ХХ ғасырдың ең қаралы кезеңіне қатысты тарихи маңызы зор құжаттар табылды.
Арнайы тексеріс барысында 1930–1940 жылдардағы нацистік режимнің қызметіне байланысты 12 ағаш шампан жәшігіне салынған түрлі құжаттар анықталған.
Жәшіктердің ішінен төлқұжаттар, нацистік партия билеттері, үгіт-насихат парақшалары, қара-ақ фотосуреттер, дәптерлер мен басқа да құжаттық материалдар шықты. Кейбір деректерде Адольф Гитлердің қолтаңбасы бар екені де айтылуда.
Зерттеушілер бұл архив 1941 жылы маусым айында Nan-a-Maru кемесі арқылы Токиодағы Германия елшілігінен Аргентинаға жеткізілген 83 жәшік құжаттардың бір бөлігі болуы мүмкін деп болжайды.
Қазір бұл тарихи құжаттарды Холокост мұражайының сарапшылары мен Аргентина құқық қорғау органдары бірлесіп зерттеп жатыр. Мамандардың айтуынша, табылған құжаттар Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі нацистік Германияның Латын Америкасындағы ықпалы мен жасырын әрекеттерін тереңірек түсінуге сеп болуы мүмкін.
Бұл құжаттар арқылы сол уақыттың саяси шешімдері мен тарихи үдерістеріне жаңа көзқарас қалыптаспақ.