Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:25, 10 Маусым 2025

Германиядағы әскери нысандарды дрондар бақылауда: ресейлік барлау болуы мүмкін

Ресей
Фото: ашық дереккөз

2025 жылдың басынан бері Германияның Шлезвиг-Гольштейн жерінің жағалауында «өндірістік және әскери маңызы жоғары нысандарға жақын» маңда 34 күдікті дрон (БПЛА) байқалған. 

Германия жағалауы бойында байқалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының жалпы саны 100-ге дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы WDR және NDR медиакомпаниялары мен Süddeutsche Zeitung газетінің бірлескен зерттеуінде айтылды.

Еуропалық қауіпсіздік қызметтері бұл дрондардың кем дегенде бір бөлігін Ресейге тиесілі «көлеңкелі флотқа» жататын азаматтық кемелерден жіберілуі мүмкін деп болжайды.

Зерттеуде жуырдағы HAV Dolphin жүк кемесіне қатысты оқиға да келтірілген. Бұл кеме Калининградтағы жөндеуден кейін сегіз күннен аса уақыт Германияның Киль шығанағында тұрған. Бұл жерде Германия ӘТК-нің 1-флотилиясы орналасқан. Әскери база маңында күдікті дрон байқалғаннан кейін, жергілікті полиция Dolphin кемесін тексерді. Экипаж құрамында жеті ресейлік азамат болған. Дегенмен, дрондар табылмады.

Мамыр айында тағы бір оқиға неміс арнайы қызметтерін алаңдатты. Германияның Боркум аралынан 140 шақырым қашықтықта орналасқан полициялық кеме ресейлік танкерді бақылап жүргенде, оның өзін жеті дрон бақылаған. Олар үш сағатқа жуық уақыт бойы кемені қадағалап жүрді, ал неміс тарапынан бұл әрекетке қарсы шара қолдану мүмкін болмады.

«Бундесвер украиналық әскерилерді Leopard 1 танкілерімен оқытып жатқан Клитц әскери полигоны үстінен дрондар үнемі байқалып отырады. Басқа нысандарда да бір мезгілде бірнеше дрон әуе кеңістігін бұза отырып кіріп кетіп жатады. Мұның бәрі нақты ұйымдастырылған әрекет және бұл жағдайдың артында Ресей тұрғаны айқын», - деді Германия Бундестагының Қорғаныс комитетінің мүшесі, Еркін демократиялық партия (СВДП) депутаты Маркус Фабер.

Қараша айының ортасында неміс әскери күштері мұндай дрондарға қарсы күрес жүргізу үшін арнайы топ құрғанына қарамастан, әлі бірде-бір ұшқышсыз аппаратты ұстау мүмкін болмағанын Германия Қорғаныс министрлігінің статс-хатшысы Нильс Хильмер мойындады.

Тегтер: