Феминизмнің мақсаты – қоғамдағы теңдік
«Феминисттер» деген сөзді, феминисттер «ананы талап етіпті, мынадай жиын өткізіпті» дегенді жиі естіп жүрміз. Себебі бүгінде бұл тақырыптың актуалдылығы артып, қажеттілігі көбейіп келеді. Өйткені нәзік жандылар адамзат санасындағы әлеуметтік стереотиптерден шаршап, қоғамдағы кемсітушілік пен шеттетуден, жалпы дискриминациядан жалыққан.
Осылайша, өздерінің тең құқылы болғысы келетінін айтып, ашық ұран тастаған, қоғамдық теңдікті талап еткен адамдарды уақыт өте келе феминист атап кетті. Бұл сөздің шет тілінен аудармасы да осы – «әйел» деген мағынаны береді екен.
Классикалық либерализм негізінде пайда болып, дамыған феминисттер қозғалысы алғаш рет XVIII ғасырда туындады. Ал кейіннен, 1960 жылдары бұл қозғалысқа жан бітіп, бойына қан жүгіре бастады. Олардың басты мақсаты – гендерлік теңсіздікті жою. Негізі феминизмнің пайда болуын, оның тарихын ақтарып қарасақ, тамырын тереңнен іздеу қажет. Ең алғаш феодалдық қоғам ыдырап, буржуазия қалыптаса бастаған кезде феминизм идеясының алғышарттары пайда болған дейді зерттеушілер. Мұндай идеялардың туындауын италияндық жазушы нәзік жандылар Изотта Ногаролла, Лаура Черета, Кристина Пизанскаялардың есімімен, шығармашылығымен байланыстыратындар да табылып жатады. Оған қоса Ұлыбританиялық жазушылар Афра Бенн, Мэри Эстелдің шығармашылығында да осындай ойлар айтылғанекен. Соған байланысты аты аталған жазушы ханымдарды «алғашқы әйел құқығын қорғаушылар» деп те атап жатады. Француз жазушысы Франсуа Пуллен де Ла Барр болса сонау 1673 жылы жазылған «Жыныстар теңдігі» атты эссесінде әйелдер теңдігі проблематикасын нақты көтеріп, талдаған.
Ал АҚШ-тың бірінші феминисті аталып жүрген Абигейл Смит Адамс былай депті: «Біз қабылдауға өзіміз қатыспаған заңдарға, біздің мүддемізді ойламайтын билікке бағынбаймыз».Оның осы сөзі цитатаға айналып, көпшіліктің аузында жүрді. Тіпті, тарихта қалған бұл сөздердің айтар ойы расымен терең екеніне келіспеске болмас. Өзінің есімі болса әйелдер эмансипациясының жарқын өкілі ретінде жатталып, сақталды. Ал Ресейдегі феминистік қозғалыстардың іргетасы XIX ғасырда қалана бастаған болатын.
Осылайша, әр уақытта, әртүрлі елдерде туындап жатқан ортақ идея кейіннен әлемдік ортақ мүдде ретінде қалыптасып, өз жолын тапты, түрленіп, жүйеленіп, дами бастады. Негізі феминисттер көтерген ең бірінші мәселе әйел адамдардың жоғары білім алуға құқылы болуы еді. Біртіндеп прогреске ұшырап келе жатқан идеяның тарихын бірден бұрып, жаңалық болған оқиға бар. 1848 жылы АҚШ-тың Сенека Фолз қаласында 68 әйел мен 32 ер адам позициялар және резолюциялар декларациясына қол қойып, әйелдер теңдігі мәселесін биікке шығарды. Бұл оқиға расымен АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің феминистеріне, феминситтер қозғалысынабетбұрыс әкелді.
Осы орайда әйелдердің жоғары білімге қолжетімділігі туралы айта өтсек. Тарихты парақтап отырсақ, көптеген елдерде әйел заты жоғары білім алмақ түгілі, мектепке де бара алмайтын. Оны бәріміз білеміз. Кейіннен мектепке барып, әріп пен сан тани бастаған әйелдер қауымы ақырындап көбейді. Бірақ, олардың жоғары білім алуы, жұмыс істеп, ақша табуы, қоғамдық-саяси белсенділігі қажетсіз деп саналды. Әрине, бұл ескі көзқарас. Жаңа заманның талабы да, сұранысы да басқа болатын. Әрі нәзік жандылар өздерін олай кемсітушіліктің дұрыс емес екенін ұғып, өз ойларын білдірді, қоғамдағы таптаурындарға ашық қарсы шықты. Сөйтіп, біррден болмаса да уақыт өте келе бұл идея дамып, пісіп, жетілді.
Кейіннен сауатты, көзі ашық, білім алған әйел азаматтар саяси теңдік пен дауыс беру құқығын талап ете бастады. Әлбетте, бұл таңдау құқығы ғана емес, таңдалу құқығы да. Негізі XIX ғасырға дейін әйелдерде дауыс беру құқығы жоққа тән еді, ішінара кездеспесе болмайтын. Әуелде оны алғаш енгізген Жаңа Зеландия мен Автралия мемлекеттері. Сөйтіп жүргенде әйелдердің жаппай талабы мен белсенділігінің арқасында XX ғасырда халықаралық құжат бекітіліп, дауыс беру құқығы ресмиленді. 1948 жылы Біріккенн ұлттар ұйымы Жалпыға ортақ адам құқытары туралы декларация қабылдады. Сол уақыттарда АҚШ-та әйелдердің саяси құқығын бекіту туралы конвенция қабылданды. Ал Қазақстанда 1994 жылдан бері 18 жасқа толған әйел адамдар дауыс беру құқығына ие.
Бірақ білім алу құқығы мен дауыс беру мүмкіндігі бастамасы ғана еді. Өйткені патриархалды қоғамдағы әйелдерге деген шектеулер мен дискриминацияның белең алғаны сонша, оларды жаңарту қиынға соқты. Әрі әр салада еңбек етуді, бөлек қарастыруды талап етті. Осының әсерінен феминистер қозғалысының екінші толқыны басталды. Француздық Симона деБовуар осы екінші толқынның жарқын өкілі әрі бастамашысы деуге де болады. Ол алғаш рет еңбек бөлінісінің жыныстық түрі туралы догманы дүниеге әкелді. Негізі қоғамдағы еңбек бөлінісі дегеніміз қоғамдық салаларға, әртүрлі өндіріске, бағыттар ішіндегі бағдарларға, ұйым мен технологиялық ерекшеліктерге, біліктілік пен шеберлікке тән құбылыс. Осы нәрселерге қарап еңбек бөлінісін жасау қалыпты. Ал әйел немесе ер деп бөлу орынсыз. Феминисттер осы мәселені көтеріп, теңдіктің жаңа деңгейін күтті. Үшінші толықнда болса, сексуалды теңдік пен кемсітушіліктің болмауы назарға алынды.
Міне, осындай ұзақ әрі күрделі жолдың нәтижесінде бүгінгі таңда, жаңа ғасырда әйелдердің қоғамдағы рөлі ерлермен теңесіп қалды. Әлбетте, жетілдіретін тұстар да жоқ емес. Дегенмен, әлеуметтік өмірдің қай саласын алсақ та, саясатта, бизнесте нәзік жандылардың маңызы мен салмағы артып, медицина, педагогика, ғылым секілді салаларды олардың рөлі мен үлесі ерлерден де көбейді. Бүгінде, әлемде де, біздің елімізде де әйел заты отбасы, ошақ қасы деген түсінікпен емес, мен түлғамын, қоғамның бөлшегімін деп өмір сүреді десек те қате болмас. Осылайша, таңдау еркіндігі, құқық пен қауіпсіздік, қоғам өміріндегі белсенділік ендіде кемімек емес.
Қазақстандағы сонау кеңес кезінде басталған әйелдердің кәсіби мансабы мен өсу жолы бүгінгі тәуелсіз заманда тіптен қарқын алды. Бір жағынан нарықтық қоғамның жемісі болар, қолынан іс келетіндер ер демей, әйел демей өзін дәлелдеп, табысты болуда. Шын мәнінде де, қазіргі өмір басқа. Мектепте барлық бала бірдей оқиды. Жоғарғы оқу орындарында оқитын қыздар ұл балалардан да көп секілденіп жатады. Еңбек нарығы да нәзік жандыларды таңдап тұрып, жүгіріп жүріп жұмысқа шақырады. Сұраныс тең. Мықты, білімді, еңбекқор әйелдер мектеп директорлығынан бастап сенат депуттатығына дейін мансап жолында өсіп жатыр. Баяғы костюм киген «ағаларға» үйренген көзіміз қазір министр әйелге де, депутат әйелге де әбден үйренді. Бұл қуантарлық нәтиже.