“Миллиардтық дау”: Кәрім Мәсімовтің қызы сотта экс-күйеуінен жеңілді

Мәскеуде Қазақстан ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің отбасына қатысты сот ісі аяқталды.
Оның қызы Тамила Кәрім бұрынғы күйеуі Азамат Қапеновтен құны шамамен 1 миллиард рубльге бағаланатын Серебряный бордағы элиталық жер телімі мен үйді қайтарып алмақ болған. Алайда Мәскеудің Мещан аудандық соты Қапеновтің пайдасына шешім қабылдады.
Сот құжаттарында ерлі-зайыптылардың 2013 жылы заңды некеге тұрғаны және екеуінің де Ресей азаматтығы болғаны көрсетілген. Отбасылық өмірінде олар Мәскеуден жоғары деңгейлі жылжымайтын мүлік сатып алған.
Қызығы, Қапенов Тамиланың күйеуіне айналмай тұрып табысты кәсіпкер ретінде танылмаған. Керісінше, 2009 жылы Алматыда продюсер Елтинжал Тұрғанәлиевті соққыға жыққаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған. Ал Мәсімовтер әулетіне күйеу бала атанғаннан кейін оның бизнес жолы қарқынды дами бастаған. Дегенмен олардың некесі ұзаққа бармады. Нәтижесінде, қомақты мүлікті бөлісу ісінде Фемида шешімі экс-күйеудің пайдасына шықты.
Азамат Қапенов — Қырғызстанның тумасы, Ресей азаматы. «Выход к морю» Telegram-арнасының мәліметі бойынша, ол Рублевкада, Серебряный борда және Мәскеуде элиталық жылжымайтын мүлікке иелік етеді. Дәулетінің жалпы көлемі шамамен 10 млрд теңге болуы мүмкін. Сонымен қатар, активтер қатарында 190 мың еуро тұратын Porsche Taycan Turbo S сияқты люкс автокөліктер де бар. Ол сонымен қатар қылмыстық тергеуге де іліккен.
Еске салайық, 2024 жылдың тамыз айында Кәрім Мәсімовтің күйеу баласына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі халықаралық іздеуге жарияланды. Оған Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігінің 3-тармағы (алаяқтық, аса ірі көлемде) бойынша айып тағылып жатыр.