Иран МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтатты

Иран президенті елдің МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) ұйымымен ынтымақтастығын тоқтату туралы заңға қол қойды.
Иран тарапы инспекторларды елге тек АҚШ пен Израильдің ирандық ядролық нысандарға жасаған соққыларын МАГАТЭ ресми түрде айыптағаннан кейін ғана кіргізетінін мәлімдеді. Иран президенті Масуд Пезешкиан парламент бұрын қабылдаған заңға 2 шілде күні қол қойып, МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты ресми түрде тоқтатты. Бұл туралы Иранның мемлекеттік телеарнасы хабарлады.
Иран депутаттары бұл шешімді бір апта бұрын қабылдаған болатын. Елдің ықпалды саяси құрылымы – Конституцияны қорғау кеңесі бұл заңды өткен бейсенбіде мақұлдады. Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль Теһранның бұл қадамын «мүлде қате белгі» деп атады. Тіпті, Иранның маңызды одақтасы саналатын Ресей де бұл әрекетті қолдамады.
24 маусымда Израиль мен Иран арасындағы 12 күнге созылған соғыстан кейін бітім күшіне енді. Ал 13 маусымда Израиль Иранға қарсы ауқымды шабуыл бастап, бірнеше күн бойы елдің ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Израильге зымырандар мен дрондар арқылы бірнеше рет жаппай шабуыл ұйымдастырды.
АҚШ бұл қақтығыста Израильдің жағына шығып, Иранның Фордо, Натанз және Исфахан қалаларындағы ядролық нысандарына соққы берді. Израильдің ресми мәлімдемесіне сәйкес, шабуыл мақсаты — Иранның атом бомбасын жасап шығаруына жол бермеу. Алайда Иран ядролық қару жасау ниеті бар екенін жоққа шығарып отыр. АҚШ барлау қызметі де Иранның ядролық қару жасап жатқанына нақты дәлел таппағанын мәлімдеген.
Трамп өз кезегінде америкалық соққылар нәтижесінде Иранның ядролық бағдарламасы толығымен жойылғанын айтты.
Израиль мен АҚШ шабуылдарынан кейін МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси Ирандағы зақымдалған ядролық нысандарға баруға рұқсат сұрап, байытылған уран қорын тексеруді талап етті. Алайда Тегеран билігі бұл сұраныстан бас тартты.
Иран ядролық нысандардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмейінше, инспекторларды елге кіргізбейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар МАГАТЭ АҚШ пен Израильдің шабуылдарын айыптап, "Иранның ядролық бағдарламасын мойындауы тиіс" деп атап өтті Иран парламентінің төрағасы Мохаммад Багер Галибаф.