Ресей Украинадағы төрт литий кен орнының екіншісін басып алды

Ресей әскері Донецк облысының батысындағы Шевченко ауылын басып алды.
Бұл елді мекен маңында литий қоры бар деп танылған, ал бұл – Украинадағы төрт ірі кен орнының екіншісі, бүгінде Ресей бақылауына өткен.
Шевченко ауылының басып алынғанын Ресейдің Қорғаныс министрлігі хабарлап, украиналық DeepState жобасының сарапшылары да растады. 28 маусымда бірқатар ресейлік және батыстық ақпарат құралдары Украина маңызды литий кен орнынан айырылды деп жазды.
Berliner Zeitung (Германия) газетінде: «Ресей “ақ алтынды” иеленді: Украинадағы литий кен орны бақылауға алынды» деген мақала жарық көрді. Онда аталған кен орны Еуропадағы ең маңызды кен орындарының бірі деп сипатталған. Оның жоғалуы – Украина үшін «стратегиялық жеңіліс» деп бағаланған.
The New York Times (АҚШ) басылымының Киевтегі тілшісі Украина «АҚШ-пен жаңа экономикалық серіктестікті қолдауға мүмкіндік беретін маңызды активінен айырылды» деп жазды. Автордың айтуынша, Шевченко кен орны — Киев пен Вашингтон арасындағы жер қойнауын пайдалану келісімінен кейін Ресей армиясы бақылауына өткен алғашқы нысан. Сонымен қатар ол руданың сапасы жағынан басқа украиналық кен орындарынан ерекшеленеді.
Le Figaro (Франция) газеті де бұл кен орнын Украинадағы ең келешегі зор орындардың бірі деп атады. Ондағы мәлімет бойынша, Шевченко маңындағы кен орнында жоғары минералданған сподумен бар, бұл литийді өндіруді едәуір жеңілдетеді.
Украинаның Геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі мемлекеттік қызметінің дерегінше, Шевченко маңындағы литий қоры алғаш рет 1982 жылы ашылған. Кеңес геологтары ол кезде болжамды қорын ғана бағалаған, ал нақты өндіру ешқашан басталмаған.
2020 жылы украиналық геологтар бұл жерде 2 миллион тоннадан астам литий рудасы бар деп бағалады. Ал ресейлік ақпарат құралдары Ресейдің Росконгрессі ұсынған 13,8 миллион тонна деген мәліметке сүйенеді (2025 жылдың ақпаны).
Шевченко — Украинадағы жалғыз литий кені емес. Елде барлығы төрт ірі кен орны зерттелген. Олардың бірі — Запорожье облысындағы Крутая Балка, ол 2022 жылдан бері Ресей бақылауында. Тағы екеуі — Кировоград облысында: Полоховское мен Добрая учаскесі. Соңғысы ең перспективалысы саналады. Алайда қазіргі уақытта ешқайсысында өндіру жұмыстары жүріп жатқан жоқ.
Айта кету керек, Донецк облысында “Шевченко” атауы бар 20-ға жуық елді мекен бар. 2024 жылдың қазанында Донецк ұлттық техникалық университетінің ректоры Александр Аноприенко Ресейдің Бірінші арнасына берген сұхбатында Еуропадағы ең ірі литий кені Донецк облысының Шевченко ауылында екенін айтқан. Алайда сюжетте басқа Шевченко ауылы — Покровск қаласының маңындағы елді мекен көрсетілген.