Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:15

ХАМАС Иранды көрші елдерге шабуыл жасамауға шақырды

Иран жарылыс
Фото: Getty Images

Палестинадағы ХАМАС қозғалысы Иранға үндеу жасап, Парсы шығанағындағы көрші мемлекеттерге жасалып жатқан шабуылдарды тоқтатуға шақырды.

«Әл-Жазира» телеарнасы келтірген мәлімдемеде ХАМАС Тегеранның АҚШ пен Израильге қарсы соғыста өзін қорғауға құқығы бар екенін мойындайтынын, бірақ сонымен қатар Таяу Шығыста жаңа қақтығыстың өршуіне жол бермеу қажет екенін атап өтті.

«Иран Ислам Республикасының агрессияға халықаралық нормалар мен заңдарға сәйкес барлық қолда бар құралдармен жауап беру құқығын мойындай отырып, қозғалыс Ирандағы бауырларымызды көрші мемлекеттерге соққы беруден бас тартуға шақырады», — делінген мәлімдемеде.

Палестиналық тарап аймақ елдері «агрессияны тоқтату және бауырластық байланыстарды сақтау үшін өзара ынтымақтасуы тиіс» екенін де атап өткен.

Иран көптеген жылдар бойы ХАМАС-ты қаржыландырып, Израильге қарсы күресте әскери қолдау көрсетіп келеді.

Бұған дейін ХАМАС Иранның рухани көшбасшысы Әли Хаменеидің өлтірілуін айыптап, арнайы мәлімдеме жасаған еді.

АҚШ пен Израильге қарсы соғыс басталғаннан кейін Тегеран Парсы шығанағындағы елдерге зымырандар мен дрондар арқылы шабуылдар жасап жатыр. Сонымен қатар әлемдік мұнай тасымалының шамамен төрттен бірі өтетін Ормуз бұғазы жабылған.

Иран билігінің айтуынша, Парсы шығанағындағы шабуылдар аймақтағы америкалық әскери базаларға қарсы бағытталған. Алайда іс жүзінде азаматтық инфрақұрылым нысандары да соққыға ұшырап жатыр.

Иран президенті Масуд Пезешкиан 7 наурызда «Иран соққыларына ұшырап отырған көрші елдерден» кешірім сұраған. Оның айтуынша, егер бұл мемлекеттердің аумағынан Иранға қарсы шабуыл жасалмаса, соққылар тоқтатылуы мүмкін. Алайда соған қарамастан шабуылдар жалғасып жатыр.

Айта кетейік, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер ресми түрде аяқталмай тұрып, 2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағына соққы бере бастаған. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл шабуылдардың мақсаты Тегерандағы режимді құлату екенін мәлімдеген.

Тегтер: