Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:30

Жәнібектің даулы ісін енді Шерзаттың бұрынғы қорғаушысы жүргізеді

Шекеев
Фото: Facebook

Бельгиялық отбасы асырап алған этникалық қазақ — Жәнібек Савельевтің (нақты есімі — Мұрат Савелиев) ісін енді танымал заңгер, марқұм Шерзат Болаттың қорғаушысы болған Мейірман Шекеев қолға алды. 

Бұл туралы қоғам белсендісі, тележурналист Қымбат Досжан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Еске сала кетейік, Жәнібек 2023 жылдың соңында Бельгиядан Қазақстанға туған анасын іздеп келген болатын. Осыған дейін ол елден заңсыз жолмен шетелге асырап алу үшін шығарылған деген күдік қоғамда қызу талқыланып келді.

2024 жылдың 31 қаңтарында ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы 3-бөлігі («Кәмелетке толмағандар саудасы») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда, бір жарым жыл өтсе де, іс сотқа жетпеген.

2025 жылғы 9 маусымдағы тергеу қаулысында мынадай мәліметтер келтірілген:

  • Көптеген азаматтардан ДНҚ үлгілері алынып, Жәнібекпен салыстырылған;
  • Іске қатысы бар тұлғалардан жауап алынған;
  • Бірақ, қоғамда аты аталған, “12 мың доллар алған” деп сипатталған тұлға күдікті емес, керісінше қорғалуға құқығы бар куә ретінде танылған.

Осы мәселелерді құқықтық жолмен шешіп, әділдікке қол жеткізу мақсатында Қымбат Досжан заңгер Мейірман Шекеевпен күш біріктіргенін мәлімдеді. Ол бұған дейін атышулы Шерзат Болат ісінде қорғаушы ретінде танылып, қоғам назарына іліккен тәжірибелі заңгер.

«Мен Жәнібектің ресми өкілімін. Жеке өзім күресіп келдім, бірақ шаршадым. Енді кәсіби заңгермен бірге әділетке жетеміз деп сенемін», - деді Қымбат Досжан.

Бұл іс қазақстандық бала асырап алудың көлеңкелі тұстарын, сондай-ақ перзентханалар мен балалар үйлері арасындағы байланысты ашық зерттеуге мүмкіндік береді.

     

 

Тегтер: