Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Опасыздық жасаған Мәсімовтің үйіндегі қымбат заттар сатылымға шықты

Мәсімов
Фото: zhasalash.kz

Отанға опасыздық жасады деп айыпталып, сотталған ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтен тәркіленген сән-салтанат заттары электронды сауда алаңында сатылымға қойылды. 

Бұл туралы Активтерді қайтару жөніндегі басқарушы компания ресми мәлімет таратты.

Саудаға ұсынылған лоттар қатарында — асыл тастармен көмкерілген зергерлік бұйымдар, сирек кездесетін коллекциялық монеталар, жазу құралдары мен сәндік қарулар бар. Барлық заттар Мәсімовтің Астана зәулім үйінен алынған.

Аукционға қойылған заттардың бағасы көпшіліктің назарын аудартты. Мәселен:

  • “Montegrappa Italia” брендімен жасалған қымбат қалам 628 мың теңгеге бағаланған;
  • Тұтқасы бұғы мүйізінен жасалған сәнді қылыштың құны — 582 мың теңге;
  • Кавказдық қанжар — 198 мың теңге тұрады;
  • Қолтырауын басының формасына ұқсас, жүзі дамаск болатынан жасалған пышақ — 95 мың теңге.

Алайда лоттардың ішіндегі ең қымбаты — ІІ Елизаветаның бейнесі бедерленген номиналы 200 долларлық коллекциялық монета. Оның сатылымдағы бағасы — 3,1 миллион теңге.

Айта кетейік, тәркіленген заттар қылмыстық жолмен табылған мүлікті мемлекет меншігіне қайтару процесінің бір бөлігі ретінде сатылымға шығарылып отыр.

Еске салайық, 2023 жылы ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты жаңа баптар бойынша тергеу жүргізілген еді. Экс-шенеунікке аса ірі көлемде пара алу және ақшаны заңсыз жолмен жылыстату баптары бойынша күдік келтіріліп, тергеу іс-шараларына байланысты Мәсімов Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторына жеткізілген.

Бұған дейін Кәрім Мәсімов мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекеттену және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

2024 жылдың маусымында Кәрім Мәсімов президент Тоқаевтан кешірім сұрап, рақымшылық беруін өтінген, алайда бұл өтініш қанағаттандырылмаған.

Сондай-ақ, жуырда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасынан тәркіленген элиталық тұрғын үй 2025 жылдың ақпанында 1 883 338 958 теңгеге бағаланып, сатылымға шығарылған еді. Алайда, аукционның бірінші кезеңінде сатып алушы табылмады. Кейін бұл мүлік наурыз айында қайта сатылымға қойылып, тағы да өтпей қалды. Үй сәуірде үшінші рет аукционға шығарылып, бастапқы бағасы 282 500 843 теңгеге арзандатылып, 1 600 838 115 теңге болып белгіленген болатын.