Қытай Ресейдің 20 әскери зауытына өнім жеткізген — Украина барлауы

Украинаның Сыртқы барлау қызметінің басшысы Олег Иващенко Қытай Ресейдің әскери өндірісіне белсенді түрде көмек көрсетіп жатыр деп мәлімдеді.
Бұл туралы ол Reuters агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, Қытай тарапы Ресейге станоктар, арнайы химиялық реагенттер, оқ-дәрі мен әскери техникаға арналған бөлшектер жеткізген. Бұл өнімдер Ресейдегі 20-ға жуық әскери зауытқа жіберілген.
Сонымен қатар 2024–2025 жылдары Қытай мен Ресей кемінде бес рет авиация саласында бірлесіп жұмыс істеген. Бірлесе әрекет ету барысында тараптар құрал-жабдық, қосалқы бөлшектер және техникалық құжаттармен алмасқан.
Reuters агенттігі бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы әзірге растай алмағанын атап өтті.
Еске салайық, 2024 жылдың сәуірінде Украина Президенті Владимир Зеленский алғаш рет Қытайды Ресейге қару мен оқ-дәрі жеткізіп отыр деп ашық айыптаған. Бұл мәлімдеме халықаралық қауымдастықта қызу пікірталас тудырды. Алайда Қытай тарапы өз ұстанымының бейтарап екенін бірнеше рет қайталап, Ресейге әскери көмек көрсетіп жатқанын жоққа шығаруда.
Украина барлау қызметі Қытайдың Ресеймен әскери ынтымақтастығын ашық айыптап отыр. Бұл жағдай Бейжіңнің «бейтарап саясат» ұстанымына күмән туғызды. Халықаралық аренада Қытайға деген қысым артуы мүмкін.