Ғылым көші басталды: Ресейлік мықтылар Қазақстанға не үшін келіп жатыр?

Ресей мен Украина арасындағы соғыс салдарынан ресейлік ғылыми мекемелер бұрын-соңды болмаған кадрлық дағдарысқа тап болды.
Ғалымдар жаппай шетелге кетіп, Ресей ғылымының болашағына қауіп төндіріп отыр.
Жоғары білім және ғылым бойынша Германия зерттеу орталығының сарапшысы Андрей Ловаковтың зерттеуіне сүйенсек, 2022 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Ресей жыл сайын Scopus ғылыми базасында тіркелген белсенді зерттеушілерінің шамамен 0,8 пайызынан айырылған. Бұл көрсеткіш бұрынғы жылдармен салыстырғанда 4 есеге артып, 2000 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті.
Соғысқа дейін бұл көрсеткіш жылына 0,05–0,17% аралығында болса, 2024 жылы 0,88%-ға жеткен.
Ресейден кеткен зерттеушілердің негізгі бөлігі Германия, АҚШ және Швейцарияға қоныс аударуда. Дегенмен, соңғы жылдары Қазақстан, Армения және БАӘ сияқты дәстүрлі емес бағыттарға қызығушылық күрт артқан.
Ресейден кеткен ғалымдардың ішінде физика, астрономия, информатика және математика саласының мамандары көп. Бұл – Ресей ғылымының бұрыннан келе жатқан мықты бағыттары болатын. Ал Қытай мен Үндістан секілді «дос елдерге» ресейлік зерттеушілер әзірге белсенді бағыт алмаған.
Андрей Ловаковтың айтуынша, бұл үрдіс Ресей академиялық жүйесінің дағдарысқа ұшырағанын және ғылыми-инновациялық әлеуетінің әлсіреп бара жатқанын дәлелдейді. Сонымен қатар жоғары білім беру саласына елеулі қысым түсіп, Ресейдің әлемдік ғылыми аренадағы орнын төмендетуі мүмкін.
Ресейлік ғалымдардың Қазақстанға қоныс аударуының бірнеше себебі бар:
- Тілдік орта мен тарихи байланыс – қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми ортада жұмыс істеу оңайырақ.
- Жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың дамуы – Назарбаев Университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Халықаралық IT университеті сияқты мекемелер ресейлік мамандарды тартуға мүдделі.
- Саяси тұрақтылық және қауіпсіздік – соғыс жағдайындағы Ресеймен салыстырғанда, Қазақстан бейтарап әрі қауіпсіз аймақ ретінде қабылданады.
- Ыңғайлы виза және көшу режимі – ресейліктер үшін көші-қон шарттары жеңілдетілген.
Ресейлік ғалымдардың шетелге жаппай көшуі — тек кадр тапшылығы емес, ұлттық ғылым үшін стратегиялық қауіп. Қазақстан үшін бұл – мүмкіндік. Кәсіби мамандарды тартып, ғылыми әлеуетті арттыру арқылы елдің инновациялық даму бағытын нығайтуға жол ашылады.