Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:47

Қазақстанда ресейлік бизнес азайып барады

Ресей
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

2024 жылдың II тоқсанында Ресей азаматтарының қатысуымен тіркелген белсенді кәсіпорындар саны айтарлықтай қысқарды. 

1 сәуір мен 1 шілде аралығында олардың саны 728-ге азайып, 17,6 мың бірлікті құрады. Бұл — 2019 жылдың басынан бері тіркелген ең ірі тоқсандық төмендеу. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Бұған дейін де ресейлік кәсіпорындардың саны қатарынан бес тоқсан бойы төмендеп келе жатқан еді. 2024 жылдың 1 сәуірінде тіркелген кәсіпорындар саны 19,7 мың болған, яғни жалпы 2,1 мың кәсіпорын жұмысын тоқтатқан.

Бұл динамика 2022 жылы Ресейдегі геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты күрт өскен ресейлік компаниялар легінің қайтадан баяулап, бұрынғы деңгейіне түсе бастағанын көрсетеді. Ең қызығы, ресейлік бизнестің қысқаруы барлық салаларда байқалды. Алайда бұл құлдыраудың 55%-ын сауда және IT саласы қамтамасыз еткен — бұл ең ірі және ауқымды бағыттар.

Соған қарамастан, Ресей әлі де Қазақстандағы шетелдік компаниялар саны бойынша алғашқы орында тұр. Бірақ қазіргі кезде Ресей кері шегінсе, керісінше, Өзбекстан мен Қытай алға жылжып келеді. Мәселен, II тоқсан қорытындысы бойынша, Өзбекстан капиталы қатысатын компаниялар саны 527-ге көбейіп, 5,4 мыңға жеткен. Бұл өсім толығымен қызмет көрсету саласындағы бизнестің есебінен болды. Қытайлық кәсіпорындар саны да 503-ке артып, 4,5 мыңға жетті. Бұл өсімнің 40%-ы сауда саласына тиесілі.

Алайда Өзбекстан мен Қытай көрсеткіштерінің өсуіне қарамастан, Қазақстандағы шетелдік компаниялардың жалпы санына әсер етуде шешуші рөлді әлі де Ресей атқарып келеді. II тоқсанда Қазақстандағы шетел капиталы қатысатын компаниялар саны 254-ке қысқарып, қазіргі таңда 44,7 мың бірлікті құрады.

Сарапшылар бұл үрдісті Ресей бизнесінің Қазақстан нарығынан баяу шығуымен және геосаяси тұрақсыздық, логистикалық қиындықтар мен қаржылық тәуекелдермен байланыстырып отыр.