ЦАХАЛ Тегерандағы IRIN телеарнасына соққы жасады

Израиль әскері (ЦАХАЛ) Иран астанасы Тегеранда орналасқан IRIN мемлекеттік телеарнасының редакциясы отырған ғимаратқа соққы жасады.
Бұл туралы BBC хабарлады.
Жергілікті ақпарат құралдары қою түтінге оранған өртеніп жатқан ғимараттың видеоларын жариялады. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер бар.
Зымыран соққысы телеарнаның тікелей эфирінде көрсетілді — студиядан жүргізіліп жатқан трансляция кезінде фондық бейнежазба өшіп, қағаздар ұшып кетті, жүргізуші студиядан шығып кетті. Бірнеше секундтан кейін кадр күл мен түтінге оранып, эфир үзіліп қалды.

Бұған дейін Израиль әскері Тегерандағы осы ауданға соққы жасалатыны туралы ресми ескерту жасап, тұрғындарды аймақтан дереу кетуге шақырған болатын.
«Известия» басылымы Иран Сыртқы істер министрлігінің бұл шабуылды елдің мемлекеттік теле-радио ғимаратына жасалған қылмыс деп атағанын және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін Израиль агрессиясын тоқтатуға шақырғанын жазады.
Euronews мәліметінше, 13 маусымнан бері Иранда 224 адам қаза тапқан. Көпшілік — бейбіт тұрғындар. Иран Израильге шамамен 350 баллистикалық зымыран жіберген, олардың басым бөлігі ЦАХАЛ дерегі бойынша жойылып үлгерілген. Израильде Иран шабуылдарының салдарынан 24 адам қаза тауып, 400-ден астамы жараланған.
Израиль армиясы Тегерандағы Иран Қарулы күштерінің «коммуникациялық орталығына» соққы жасағанын, бұл — Иран мемлекеттік теле-радио компаниясының ғимараты екенін хабарлады.
Иран СІМ бұл әрекетті «қылмыс» деп бағалап, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін Израильдің шабуылын тоқтатуға шақырды.