Жетісу облысында полиция мен қоғам өкілдері салауатты өмір салтын дәріптеді
 
                                        Жетісу облысының Текелі қаласында полиция қызметкерлері, нашақорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу кеңесінің мүшелері және "Қос-Қанат" үкіметтік емес ұйымының өкілдері бірлесіп, "Бақытты және қауіпсіз балалық шақ" атты әлеуметтік-профилактикалық іс-шара өткізді.
Акция аясында "Бақытты отбасы – дені сау ел" ұранымен отбасылық байқау ұйымдастырылды. Шараға әр жастағы тұрғындар белсенді қатысып, үш-бес адамнан құралған отбасылық командалар өзара сайысқа түсті. Мұндай формат іс-шараға ерекше жылылық пен бірлік атмосферасын сыйлады.
Байқаудың негізгі мақсаты — отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасы мүшелерінің бірлігін арттыру және салауатты өмір салтының маңыздылығын кеңінен насихаттау болды. Ұйымдастырушылар, әсіресе, әлеуметтік осал және өмірлік қиын жағдайдағы отбасылар арасында есірткі, темекі, вейп және алкогольдің зияны туралы түсіндіру жұмыстарына баса назар аударды.
Іс-шараны кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия, Текелі қаласының прокуратурасы, Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы және "Жақсылық жаса! Текелі" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Интеллектуалдық сайысқа тоғыз отбасылық команда қатысып, білім мен тапқырлықтарын сынады. Ойын үш кезеңнен тұрды және қазақ пен орыс тілдерінде өтті. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, қатысушыларға естелік сыйлықтар, грамоталар және алғыс хаттар табыс етілді.
Марапаттарды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия төрағасы табыс етсе, Текелі қаласының прокуратурасы әр командаға арнайы номинациялар дайындады. Шара соңында ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің қоғамда салауатты өмір салты мен отбасылық құндылықтарды насихаттауға, сондай-ақ жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алуға зор үлес қосатынын атап өтті.
