Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:40

АҚШ-та Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы кінәлі деп танылды

Храпунов
Фото: ашық дереккөз

Нью-Йорк қаласының федералды соты Алматының экс-әкімі Виктор Храпуновтың ұлы – Ильяс Храпуновты тағы да сотқа құрметсіздік танытты деп айыптады. 

2025 жылдың 6 тамызында АҚШ-тың Оңтүстік округтік соты Храпунов өз мүлкі туралы тұрақты есеп беруге қатысты тікелей талапты бұзғанын анықтады. Енді ол барлық активтері жөнінде толық мәлімет ұсынып, сот шешімдерін орындауға бағытталған әрекеттерін көрсетуге міндеттелді. Сондай-ақ Алматы қаласы мен БТА банкінің шығындарын өтеуі тиіс.

Бұған дейін, 2022 жылы сот Храпуновты дәлелдерді жойғаны және жалған куәлік бергені үшін 221 мың доллар айыппұл төлетуге мәжбүрлеген еді. ҚР Әділет министрлігінің хабарлауынша, бұл – АҚШ соты тіркеген Храпуновтың кемінде алтыншы құқықбұзушылығы.

Айта кетейік, Храпуновтар отбасы мен олардың серіктесі Мұхтар Әблязовтың есімдері БТА банктен миллиардтаған долларды заңсыз шығарып әкету ісіне қатысты бірнеше халықаралық процестерде аталып жүр. 2024 жылы Нью-Йорктегі қазылар алқасы Алматы мен БТА банкінің пайдасына 32 млн доллардан астам қаражат өндіру туралы шешім қабылдаған болатын.

Храпуновтар отбасы өздерінің жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алу белсенділігі арқылы швейцариялық қоғамды да таң қалдырып отыр. Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың мол қаржыны оңды-солды жұмсап жатқаны туралы пікірлер бүгінде Еуропадан Қазақстанға да жетіп жатыр. Жуырда Forbes Kazakhstan порталы Женевадағы ең элиталық ауданның бірінде орналасқан олардың сән-салтанаты келіскен зәулім сарайының суретін жариялады. Материалда Храпуновтардың Қазақстан мен Швейцариядағы жылжымайтын мүліктері мен жер телімдерінің тізімі де ұсынылған. Аталған тізімде Алматыдағы пәтерлер, саяжайлар, автотұрақтар, сауда-ойын-сауық кешендері секілді 37 нысан бар.

Айта кетейік, Швейцарияда тіркелген 14 аса бағалы мүлік – виллалар, пәтерлер, қонақүйлер, ірі кеңселер мен мейрамханалар да бар. Осылайша, швейцариялық миллиардерлер тізімінде Храпунов тегімен бірнеше адам пайда болды: Виктор Храпунов, оның әйелі Лейла Храпунова, баласы Ілияс және келіні Эльвира Храпунова-Бильдимани.

Бұл – Храпуновтар Қазақстаннан алып кеткен қаржыны Швейцарияда ашық әрі тиімді іске жаратып жатқанының айғағы. Қазіргі таңда олар Женевада құрылыс және мүлік саудасымен белсенді айналысып жүр. Мысалы, 2007 жылы В. Храпунов Женева көлінің жағасынан құны 32 миллион франк тұратын сәнді вилла сатып алған. Бұл жылжымайтын мүлік Эльвира Храпунова-Бильдимани есімді туысының атына тіркелген. Ал 2012 жылы ол тағы да байлықтың жаңа деңгейіне көтеріліп, құрамында 24 резиденциясы бар Hotel du Parc қонақүй кешенін іске қосты. Бұл жоба Қазақстанға қарсы мәлімдемелердің жиілеген уақытымен тұспа-тұс келген.

Еске сала кетейік, Виктор Храпунов Қазақстанда сырттай 17 жылға, ал Лейла Храпунова 14 жылға бас бостандығынан айырылған. 2021 жылы ерлі-зайыптылар Швейцариядан саяси баспана алған болатын.

Тегтер: