Азия чемпионаты: Ұлттық ұланның жауынгері қазақ күресінен алтын медаль иеленді
 
                                        Түркістан қаласында 27–30 қазан күндері қазақ күресінен өткен Азия чемпионатында ел намысын қорғаған ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, қатардағы Тілек Тоқтасынұлы жеңіс тұғырынан көрінді.
Ол 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, алтын медаль жеңіп алды. Осылайша, Тілек Тоқтасынұлы тек Қазақстан құрамасының ғана емес, сонымен қатар Ұлттық ұланның абыройын асқақтатып, Азия чемпионатының чемпионы атанды.
Байрақты бәсеке "Olympic Center" спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған 12 елден келген 150-ге жуық балуан қатысты. Чемпионат барысында Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Иран, Үндістан, Жапония және өзге де мемлекеттердің спортшылары ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты.
Жарыстың ұйымдастырушылары — "Qazaq Kuresi" Ассоциациясы мен Түркістан облысы әкімдігі. Турнир жоғары деңгейде өтіп, көрермендерге тартысты кездесулер мен әсерлі сәттер сыйлады.
Түркістан өңірі бүгінде қазақ күресін дамытуда еліміздегі басты орталықтардың біріне айналған. Мұнда жыл сайын "Túrán Barysy", Әлем кубогы, Азия кубогы сияқты халықаралық деңгейдегі ірі турнирлер өткізіледі. Сонымен қатар, Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде жуырда Ұлттық ұланның самбодан чемпионаты да сәтті ұйымдастырылды.
Айта кетсек, қазіргі таңда өңірде қазақ күресімен үш мыңнан астам спортшы айналысады. Оларға 140-тан астам бапкер жетекшілік ететін 30 спорт ұйымы тұрақты түрде жұмыс істейді. Чемпионаттан жеңіспен оралған Тілек Тоқтасынұлын елорда әуежайында ата-анасы, жақындары, жанкүйерлері мен қызметтестері салтанатты түрде қарсы алды. Көңіл толқытар сәтте чемпион өз жетістігін еліне және Ұлттық ұлан сапындағы ұстаздары мен жолдастарына арнағанын атап өтті.
“Бұл жеңіс — мен үшін ғана емес, мені қолдаған барлық азаматтар үшін ортақ жеңіс. Қазақ күресі – ұлт рухының айнасы. Осы рухты биік ұстау – әр балуанның парызы,” - деді Азия чемпионы Тілек Тоқтасынұлы.
