Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:25

Сәденов Ресейдің шектеуіне қатысты пікір білдірді

Сәденов
Фото: zhasalash.kz

Қазақстан билігі Ресейдің жаңа ережелеріне жауап ретінде ұқсас шаралар қабылдамақ. 

Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берді.

– Қазақстанда шетел азаматтарының қауіпсіз әрі заңды түрде кіруі мен жүруіне қажетті барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда арнайы қосымшалар да жұмыс істеп тұр. RuID жүйесіне келсек, біз де соған ұқсас тетік енгізуді қарастырып жатырмыз, - деді министр.

2025 жылдың 30 маусымынан бастап Ресей визасыз режиммен кіретін шетел азаматтары үшін жаңа талаптар енгізетінін хабарлады. Жаңа ережеге сәйкес, қазақстандықтар мен басқа да шетел азаматтары Ресейге сапар шегерден кемінде 72 сағат бұрын RuID платформасы арқылы арнайы электронды өтінім беріп, QR-код алуы тиіс.

Сондай-ақ, шекарадан өтерде биометриялық тексеру міндетті болады: саусақ іздерін тапсырып, суретке түсіру қажет.

Пилоттық жоба бастапқы кезеңде Мәскеу әуежайында және Қазақстанмен шекарадағы Орынбор облысында орналасқан Маштаково автомобиль өткізу пунктінде іске асырылады.

«Орынбор облысында Қазақстанмен шекарада орналасқан Маштаково автомобиль өткізу пунктінде 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Ресейге келетін шетелдік азаматтарды фото және дактилоскопиялық сәйкестендіру (саусақ іздері) бойынша экспериментті пилоттық жоба басталады. Процедура Мәскеудегі әуежайларда да қолданылады», - деп хабарлады «Коммерсант».

Пилоттық жоба әзірге эксперименталды түрде жүргізіледі. Тестілеуден өткеннен кейін, Ресей Ішкі істер министрлігі мен Федералды қауіпсіздік қызметі жобаны барлық шекаралық аймақта қолдануды жоспарлаған.

Еске сала кетсек, 29 шілде мен 3 тамыз аралығында Ресейдің «Маштаково» бекетіндегі жол төсемін жөндеу жұмыстары жүргізілді.

7 шілдеде бұл бекетте жүк көліктерінің кептелісі пайда болды. Ол кезде 200-ге жуық жүк көлігінің шекарадан өтуі ұзаққа созылып кетті. ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің БҚО департаменті автомобильдердің кідірісіне Ресей тарапынан жүргізіліп жатқан тексеріс шаралары себеп болғанын айтты.

Қазақстан тарапынан мұндай өзгерістерге жауап ретінде аналогиялық жүйені енгізу мәселесі күн тәртібіне шықты. Министрдің айтуынша, бұл шаралар ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кіру процесін жүйелеу мақсатында қарастырылып отыр.

Тегтер: