«Байқоңырды жалға беруді тоқтататын кез келді» — сенатор

Сенатор Андрей Лукин Қазақстан әлі күнге дейін Байқоңырды жалға берумен ғана шектеліп отырғанына алаңдаушылық білдіріп, еліміздің ғарыш саласында толыққанды ойыншыға айналуы қажет екенін айтты.
Депутаттық сауалында ол ғарыш кешеніне мемлекеттік сатып алуда артықшылықтар беруді ұсынды.
«Басты бағыттардың бірі — университеттер мен стартаптардың қатысуымен шағын спутниктер жасау болуы мүмкін. Сонымен қатар спутниктерді басқару орталығын кеңейтіп, Қазақстанды ғарыштық қызметтерді (өндіру, ұшыру, технологиялық сүйемелдеу) экспорттайтын ел ретінде таныту маңызды», — деді Лукин.
Сенатордың ұсыныстары:
▪️ спутниктен алынған мәліметтерді ауыл шаруашылығы, құрылыс, экологияны қорғау және төтенше жағдайларды жоюда қолдану;
▪️ инженерлік-ғарыштық факультеттер ашу, тағылымдамаларды қолдау және ғылыми базаларды дамыту;
▪️ спутниктік бағдарламаны жаңғыртып, ғарышқа аса жеңіл зымыран-тасығыш ұшыру;
▪️ Байқоңырда арнайы экономикалық аймақ құру.
Айта кетейік, бұған дейін Ресейдің Байқоңырдан мүлде бас тартуы мүмкін екені жөнінде ақпарат тараған еді.