Сирияның жаңа билігі Түркиядан әскери көмек сұрады

Сирия билігі Түркиядан қорғаныс саласындағы әлеуетін арттыру және терроризммен күрес мәселесінде көмек сұрады.
Бұл туралы Түркияның «Anadolu» мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады.
– Сирия билігі Түркиядан, ең алдымен, «Ислам мемлекеті» (ДАИШ) секілді экстремистік топтарға қарсы күресте қолдау көрсетуді сұрады. Сонымен қатар қорғаныс жүйесін жетілдіруге жәрдемдесу туралы өтініш білдірді, - деп жазады агенттік.
Түркия сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратқа дереу жауап беріп, Анкара үшін басты басымдық – Сирияның аумақтық тұтастығы мен саяси бірлігін сақтау екенін мәлімдеді.
– Біз Сирия халқының тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін қолдауды жалғастырамыз. Техникалық көмек, оқыту, әскери дайындық және кеңес беру шаралары тоқтамайды, - делінген министрлік таратқан мәлімдемеде.
Айта кетейік, Сирияда бірнеше онжылдық бойы билік жүргізген Башар Асад режимі 2024 жылдың желтоқсанында құлаған болатын. Билікке «Хайят Тахрир әш-Шам» атты исламистік бағыттағы топ келді. Асад отбасы мүшелерімен бірге Ресейге қашып кетіп, сол елден саяси баспана алды.
2025 жылдың сәуірінде Сирияның жаңа билігі Мәскеуге Башар Асадты экстрадициялау туралы сұрау жолдаған. Алайда Ресей ол өтінішті орындаудан бас тартты.
Билік ауысқанымен, елде толық тұрақтылық орнаған жоқ. Әр аймақта түрлі саяси, этностық және діни топтар арасында қарулы қақтығыстар жалғасуда. Соңғы кездері друз тайпалары мен бедуин топтары жаңа билікке қарсы шығып, бірнеше аймақты бақылауға алған. Осы қақтығыстарда Израиль де араласып отыр. Израиль армиясы друздарды қолдай отырып, Сирия аумағындағы бірқатар әскери нысандарға соққы бергені хабарланған.
TRT Haber мәліметінше, Израильдің соңғы шабуылдары Сирияның Сувейда аймағындағы друздар қауымдастығы мен Дамаск арасындағы қатынасты одан сайын шиеленістіріп жіберді. Бұл әсіресе елдің оңтүстігінде байқалуда.
Израиль 14 шілдеден бастап Сирия аумағына әуе соққыларын жасай бастады. Тель-Авив бұл әрекетін Сирия армиясынан шабуыл көрген друз қауымын қорғау қажеттілігімен түсіндірді. Ал 16 шілдеде израильдік әскерилер Сирия шекарасын бұзып, өздерінің діни бауырларына көмек көрсетуге тырысқаны хабарланды.
19 шілдеде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Сирияның өтпелі кезең президенті Ахмед аш-Шараа АҚШ-тың делдалдығымен атысты тоқтату туралы келісімге келді. Сонымен қатар Вашингтон друз, бедуин және сүннит қауымдарын қару тастап, «жаңа біртұтас сириялық ұлттық бірегейлік» құруға шақырды.
Сарапшылардың пікірінше, Сирияның Түркиядан көмек сұрауы – ел ішіндегі тұрақсыздық пен жаңа биліктің халықаралық аренада мойындалмауы салдарынан туған мәжбүрлі қадам. Ал Анкара бұл жағдайды аймақтағы ықпалын арттыру үшін тиімді пайдалануы мүмкін.