47 миллион жымқырды деп айыпталған шенеунікті сот ақтады

Ұлытау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының экс-басшысы Қуат Имантүсіпов былтыр су тасқынының зардаптарын жоюға бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша қамауға алынған еді.
Бұл жұмыстарды жүргізген мердігер компания – «TOLAGAI-2050» ЖШС болатын. Аталған фирманы Болат Назарбаевтың қызына қатыстырады. Соған қарамастан, жауапқа тартылған мердігер емес, басқарма басшысы болды.
Жақында сот Қуат Имантүсіповті толықтай ақтап шықты.
Еске сала кетейік, көктемде Ұлытау облысында Жезді өзені арнасынан асып, он үйді су басқан еді. Салдарынан 108 адам, оның ішінде 56 бала эвакуацияланды. Осы оқиғадан кейін тергеу органдары өзен жағалауын бекіту және санациялау жұмыстары кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен Қуат Имантүсіповке айып таққан. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 47,2 миллион теңге деп көрсетілді.
Алайда сот барысында тергеудің бірқатар заңбұзушылықтары анықталды. Нақтырақ айтқанда, тергеу сілтеме жасаған топырақ пен қиыршық тастың зертханалық сынақтары аккредитациядан өтпеген, кейбірі мүлдем жүргізілмеген болып шықты. 2025 жылдың 15 мамырында жүргізілген қайта сараптама бөгет құрылысы кезінде ешқандай заңбұзушылық болмағанын көрсетті. Сарапшылар барлық жұмыстардың жобалық талаптарға сәйкес орындалғанын растады.
Сот Қуат Имантүсіповтің әрекеттері мен су тасқыны салдарынан келген зардап арасында себеп-салдарлық байланыс жоқ екенін атап өтті. Яғни тұрғын үйлерді су басуына құрылыс сапасы емес, өзендегі судың шамадан тыс көбеюі себеп болған.
Осыған байланысты сот Қылмыстық кодекстің 361-бабы бойынша Имантүсіповті кінәсіз деп танып, оған қатысты үйқамақ бұлтартпау шарасын алып тастады. Сонымен қатар банктік шоттардағы бұғат шешіліп, айғақ заттар мердігер мен бақылаушы органдарға қайтарылды.
Сот шенеуніктің заңсыз қудалауына байланысты келтірілген моральдық және материалдық шығынды өтеу құқығын мойындап, барлық процестік шығындарды мемлекет есебінен өтеу туралы шешім қабылдады.
Айта кетерлігі, Жезді өзенінің жағасын бекіту жұмыстарын жүргізген мердігер – «TOLAGAI-2050» ЖШС болған. Сот материалдарына сәйкес, бұл компания марқұм Болат Назарбаевтың қызы, Қазақстанның экс-президентінің бауырының қызы Ақбота Назарбаеваға тиесілі. Аталған фирма бұған дейін де мемлекеттік сатып алулардағы заңсыздықтарға қатысты бірнеше рет сотқа тартылған.