Қонаевта депутат Базарбектің көз алдында қыз суға батып кетті: құтқарушы да, дәрігер де болмаған

Қонаев қаласындағы жеке жағажайлардың бірінде қыз суға батып, қайтыс болды.
Қайғылы жағдай кезінде жағалау маңында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те жүрген.
Депутаттың айтуынша, оқиға болған жерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс құтқарушылар, бейнебақылау жүйесі, медициналық көмек көрсететін мамандар мен қажетті құрал-жабдықтар болмаған. Су жағасы жекеменшік кәсіпкерлерге берілгенімен, олар қауіпсіздікке емес, тек пайда табуға басымдық беріп, кіреберістерге шлагбаум қойып, келушілерден ақы жинаумен шектелуде.
Қызды судан куәгерлер алып шыққанымен, көрсетілген алғашқы көмек нәтиже бермеді. Оқиға орнына келген дәрігерлер мен полиция қызметкерлері жауапкершілік басқа мекемелерге тиесілі екенін алға тартқан.
Алматы облысының әкімдігі бұл жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасап, суға кеткен азаматшаның туыстарына көңіл айтты. Қайғылы жағдай 7 шілде күні тіркелген. Осы оқиға бойынша Қонаев қаласының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 306-бабы, 3-бөлігі (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету) бойынша іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Демалыс аймағының қызметі уақытша тоқтатылды. Қала әкімдігі жағажайлар мен демалыс орындарындағы заңбұзушылықтарды анықтау үшін мониторинг жүргізіп жатқанын айтты. Бұған дейін прокуратура мен төтенше жағдайлар қызметі өкілдері кәсіпкерлермен кездесіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндірген.
Тұрғындардан жағажайлар мен қызмет көрсету орындарына қатысты шағымдарын 109 бірыңғай байланыс орталығына немесе 112 жедел желісіне хабарлауы сұралады.
Бақытжан Базарбек енді жағажайға иелік етушілерді анықтап, заң талаптарын сақтамаған тұлғаларды жауапқа тарту үшін тиісті органдардан тергеу жүргізуді талап етіп отыр.