Қазақстанда 800 мың бас киік атылуы мүмкін – Экология министрі

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев алдағы уақытта киіктерді ату мәселесіне қатысты нақты шешім қабылданатынын хабарлады.
Министрдің айтуынша, ғалымдар киік санын реттеу мақсатында олардың 20 пайызын қысқартуды ұсынған.
— Біз 1-2 күн ішінде өз шешімімізді жариялаймыз. Ғалымдар ұсынған негіздемеге сәйкес, бүкіл популяцияның 20 пайызы реттеуге жатады. Көктемгі санақ қорытындысы бойынша елімізде жалпы саны 3 миллион 900 мың киік бар, оның ішінде 2 миллион 300 мыңы — Орал популяциясы, 1 миллион 600 мыңы — Бетпақдала популяциясы, ал 700–800 мыңдай шағын популяция — Үстіртте, - деді Экология министрі Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Экология министрі келтірген деректерге сәйкес, Қазақстандағы киіктердің саны шамамен 3,9 миллионға жеткен. Соның ішінде 800 мыңға жуығы реттеу мақсатында аулануы ықтимал.
— Онда жыныстық-жас ерекшелігі бойынша құрамы да анықталған: 40 пайызы — аталық киіктер, 40 пайызы — аналық, 20 пайызы — биылғы төлдер (лақтар) болуы керек. Яғни, бізде нақты сандар мен параметрлер бар, қазір сол бойынша дайындық жүргізіліп жатыр, - деді Нысанбаев.
Министр сондай-ақ, мұндай көлемді жүзеге асыру үшін ет комбинаттарының көмегі қажет болатынын айтты.
Еске салайық, мамыр айының соңында Экология министрлігі киік популяциясын реттеу бойынша жол картасын әзірлеуді аяқтағаны белгілі болды. Вице-министр Нұркен Шәбиевтің айтуынша, тек ет комбинаттары өңдеуге дайын мөлшерде ғана киік еті алынады. Бұл шешім бұған дейінгі жылдардағыдай еттің бүлініп кетуін болдырмау үшін қабылданып отыр.