Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:20, 26 Мамыр 2025

“Хан ием” атанған шенеунік Дархан Сатыбалды туралы не білеміз?

Сатыбалды
Фото: ашық дереккөз

24 мамырда Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. Бұған дейін Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған саясаткердің есімі ел ішінде түрлі қызметтерімен ғана емес, атышулы оқиғалармен де танымал.

51 жастағы Дархан Амангелдіұлы Түркістан облысындағы Абай ауылында дүниеге келген. Ол Сейфуллин атындағы Ақмола ауылшаруашылық институты мен Қазақ гуманитарлық-заң университетін тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты, төрт тілді (қазақ, өзбек, орыс, ағылшын) меңгерген.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2000-жылдары бастаған. Әр жылдары Қаржы министрлігі, Президент әкімшілігінің Іс басқармасы, Сот әкімшілігі комитеті және Білім және ғылым министрлігінің құрылымдарында қызмет атқарған. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментін басқарған тәжірибесі бар.

2013–2015 жылдары Шымкент қаласының әкімі, кейін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болды. 2018 жылы – Сенат депутаты, ал 2019–2022 жылдары – Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарып, екі ел арасындағы қатынасты нығайтуға үлес қосты.

2022 жылы ол Түркістан облысының әкімі қызметіне тағайындалып, өңірдің экономикалық көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты. Сол себепті көп ұзамай Президент әкімшілігінің жетекші құрамына алынды.

Сатыбалды есімімен байланысты ең көп талқыланған жайттардың бірі — 2022 жылғы қазан айындағы оқиға. Түркістан облысындағы шаруалар әкімдік ғимаратына жиналып, жаңа басшыны көрмек болып, тіпті «хан ием» деп атап, тізе бүгіп тағзым еткен. Бұл видео әлеуметтік желілерде кең таралып, қоғамда қызу пікірталас тудырды. Сатыбалды бұл сәтте әкімдікте емес, құқық қорғау органдарындағы жиналыста болғанын, шаруалармен кейін кездескенін айтты.

Сонымен қатар оның бауырларының кәсіпкерлікпен айналысуы да назарға іліккен. Дегенмен бұл жайттар оның мансабына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Керісінше, өңірді басқару тәжірибесі мен нәтижелері оның іскерлік беделін арттырды.

Алматы қаласының әкімі ретінде Дархан Сатыбалды өз жұмысында бірнеше негізгі бағыттарға басымдық беретінін мәлімдеді:

  • Қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту және экологиялық жағдайды жақсарту;
  • Тұрғындардың өмір сүру жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру;
  • Экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті қолдау;
  • Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында қолжетімділік пен сапаны арттыру;
  • Жастар бастамаларын қолдау;
  • Ашықтық, қоғамдық диалог және есеп беруді қамтамасыз ету.

Ол әр алматылықтың мүддесі үшін қызметін адал әрі кәсіби атқаруға уәде берді.

Дархан Сатыбалды — “Парасат” орденінің, “Ерен еңбегі үшін”, “Астананың 10 жылдығы”, “Облыс алдындағы еңбегі үшін” медальдарының иегері. Жаңа қызметінде ол мегаполистің күрделі мәселелерін шешуде тәжірибесі мен беделін қалай пайдаланатыны — алдағы уақыттың еншісінде.