Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:20

Әзербайжан тергеушілері ресейлік «Спутник-Әзербайжан» агенттігінің кеңсесін тінтіді

Әзербайжан
Фото: ашық дереккөз

Әзербайжан билігі ресейлік «Спутник-Әзербайжан» агенттігінің Бакудегі кеңсесіне тінту жүргізгенін растады.

Ақпаратқа сәйкес, кеңсені полиция бақылауға алған.

Мәскеудегі Sputnik агенттігі «РИА Новости» басылымына Бакудегі редакциясымен байланыс орната алмай жатқанын хабарлады. Өз кезегінде Әзербайжанның Ішкі істер министрлігі агенттік кеңсесінде жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттері туралы қосымша ақпарат беруге уәде етті.

Еске салайық, биыл ақпанда Әзербайжан бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының ел аумағында жұмыс істеуіне шектеу қойған болатын. Бұл тізімде ресейлік Sputnik радиосы мен BBC-дің жергілікті қызметі де бар. Сонымен қатар Бакудегі «Орыс үйі» мәдени орталығының да жұмысы тоқтатылған.

Ресей мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас әсіресе Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырағаннан кейін күрт нашарлады. Баку оқиғаға Ресейдің әуе қорғаныс жүйесін айыптап отыр. Ал жағдай 27 маусымда тіпті шиеленісе түсті: Екатеринбург қаласында 50-ден астам әзербайжан азаматы ұсталды. Рейд барысында екі адам қаза тауып, тағы екеуі ауыр жарақат алған. Бұл оқиғаға байланысты Баку Ресейден кінәлілерді жазалауды талап етті.

Айта кетейік, 24 ақпанда Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айхан Гаджизаде ел аумағында «Россия сегодня» (яғни «Sputnik Әзербайжан») агенттігінің өкілдігін жою туралы мәлімдеген еді. Ресейлік компанияға тек бір журналистке аккредитация алу құқығы берілген. Ресейдің СІМ бұл мәселеге қатысты Бакумен байланыста екенін хабарлаған.

RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, “Арнайы операция! Күшті!” деп жазды. Ол Ресейдің Бакудегі елшілігінің қызметкерлері Sputnik Әзербайжан кеңсесіне жол тартқанын да атап өтті.

“Қызметкерлер байланысқа шықпай отыр, шамасы, телефондарынан ажыратылған. Олардың арасында Ресей азаматтары да бар”, - деп қосты Симоньян.

РИА Новости агенттігінің мәліметінше, полиция Sputnik Әзербайжан кеңсесіне ондағы қызметкерлердің бәрін, соның ішінде жұмыс орнында болмағандарын да шақыртқан.

Тегтер: