Мысыр әуежайында көз жұмған қазақстандық – полиция ардагері болған

Шарм-эль-Шейх халықаралық әуежайында болған қайғылы жағдайға байланысты жаңа мәліметтер пайда болды.
Әуе тасымалдаушының дерегінше, оқиға жолаушылар тіркеуден өтіп жатқан сәтте орын алған. Сол кезде төбеден ілінген жарнамалық қалқан кенеттен құлап, бірнеше адамның үстіне түскен. Зардап шеккендердің барлығы – Қазақстан азаматтары.
SCAT әуе компаниясының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқиға салдарынан төрт қазақстандық зардап шекті. Шарм-эш-Шейх әуежайында болған қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан SCAT әуе компаниясының жолаушысы – Қазақстанның ішкі істер органдарының ардагері Ақмарал Мұқанова екені белгілі болды.
Бұл туралы журналист Анвар Шалекенов әлеуметтік желідегі сторисінде жазды:
– Ақмарал апа, сене алар емеспін! Қалай ғана?! Бүгін Мысырда анамның жақын құрбысы, менің кіндік шешем көз жұмды. Бұл оқиғаның жай-жапсарын жаңалықтардан білесіздер, – деп жазды ол.
Компания оқиғаға байланысты жергілікті әуежай әкімшілігімен, сондай-ақ туроператорлармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Еске салайық, оқиға 17 мамыр күні Шарм-эль-Шейх әуежайының ұшу аймағында болған еді. Рейске отыруды күтіп отырған жолаушылардың үстіне жарнамалық конструкция құлап, бір қазақстандық азамат мерт болды, тағы екі адам түрлі дене жарақатын алғаны хабарланған еді.
Қазіргі таңда оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр. Қазақстанның Мысырдағы дипломатиялық өкілдігі жергілікті билікпен байланыста, зардап шеккен азаматтарға тиісті көмек көрсетілуде.