Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:10, 28 Шілде 2025

Орман өрті Түркияны шарпыды: халық жаппай көшіріліп жатыр

Өрт
Фото: ашық дереккөз

Түркияның бірнеше өңірінде бір уақытта тұтанған орман өрттері жағдайды күрт ушықтырды.

Ел билігі оны бақылауға алу үшін жедел шаралар қабылдауда. Бұл туралы Табиғи апаттар мен төтенше жағдайлардың салдарын жою басқармасы (AFAD) ресми мәлімдеді.

Өртпен күреске жалпы саны 5 400 өрт сөндіруші, 119 әуе көлігі (тіркеме ұшақтар мен тікұшақтар) және 1 537 арнайы техника жұмылдырылған.

Ең көп зардап шеккен өңірлердің қатарында Карабюк, Бурса, Анталья, Мерсин, Анкара және Кахраманмараш провинциялары аталып отыр. Бұл аймақтарда өрт орман алқаптарынан елді мекендерге жақындап, тұрғындар өміріне қауіп төндірген. Алдын алу шаралары аясында 53 елді мекеннің халқы қауіпсіз аймақтарға уақытша көшірілді. Мамандардың айтуынша, өрттің тез таралуына аптап ыстық, қатты жел және құрғақ ауа райы әсер етіп отыр.

AFAD өкілдері жағдай толық бақылауда екенін, өрт ошақтарын оқшаулау және сөндіру жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар билік тұрғындарды дүрлікпеуге шақырып, ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге кеңес берді.

Өрт
Фото: видеодан скриншот

Табиғат апатына байланысты елдегі бірқатар бағыттар уақытша жабылып, жергілікті әкімдіктер шұғыл штабтар құрған. Көмек көрсетуге еріктілер де белсенді тартылуда.

Билік қазіргі жағдайды соңғы жылдардағы ең ауқымды орман өрттерінің бірі деп бағалап отыр.

Тегтер: