Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:55

«Мәсімов пен Қожамжаров тергеуге ықпал еткен» — Ермұрат Бапи EXPO ісі туралы

Ермұрат Бапи
Фото: zhasalash.kz

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдап, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына қатысты атышулы істі қайта қарауды талап етті.

Сауалға түрткі болған — компания төрағасының бұрынғы орынбасары Мұрат Омаровтың берген сұхбаты. Онда ол өзінің және экс-басшы Талғат Ермегияевтың қылмыстық қудалауы қолдан ұйымдастырылғанын мәлімдейді. Ол ресми деректер бойынша, ЭКСПО-ның құрылысына мемлекеттен 565 млрд 100 млн теңге (сол кездегі бағам бойынша 2,1 млрд доллар) бөлінген. «ЭКСПО ісі» бойынша осы қаражаттың (жалпы жиыны) 10 миллиард 200 млн теңгесі талан-таражға түсті деген желеумен 23 адам жазаға тартылғанын атап өтті.

- Міне, бүгінде әлеуметтік желілерді шарлап жүрген, интернет ресурстардың қазақстандық сегментінде қоғам қызу талқылаған тақырыптардың біріне айналған осы сұхбатта «ЭКСПО жемқорлығына» қатысты жаңа жағдаяттар жария етілген. Ең бастысы – сұхбат спикері Омаров мырза бұл жемқорлықты «саусақтан сорылған», жалған және жасанды деректер негізінде «қара жіппен көктеліп» жүргізілген іс деп, Бас прокуратура мен кезінде Қайрат Қожамжаров басқарған «Антикор» агенттігін ашық айыптайды. «Иә, ЭКСПО-да жемқорлық қылмыс болған, бірақ ол жемқорлықты Ұлттық компанияның басқармасы емес, елдің кезіндегі саяси басшылығы тағайындаған басқарма бастығының кеңесшісі жасаған» дейді сұхбаттың спикері. Сотталушылар кезінде ашық айтудан қаймыққан ол кеңесшінің аты-жөні – Айдос Есполов. Оны «анықталмаған тұлға» деп, қылмыстық істің фигуранттары қатарынан алып тастауға ықпал еткен экс-премьер-министр Кәрім Мәсімов пен «Антикордың» экс-төрағасы Қайрат Қожамжаров деп көрсетеді сұхбат беруші, - дейді Ермұрат Бапи.

Сұхбат шыққаннан кейін Ермұрат Бапи Мұрат Омаровпен, оның қорғаушыларымен және Ермегияевтің адвокаттарымен кездесіп, істің материалдарымен танысқан. Осыған байланысты депутат Бас прокуратурадан тергеу органдарының әрекетіне құқықтық баға беруді және істі қайта қарап, әділдік орнатуды талап етеді.

Еске сала кетейік, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы 2013 жылы құрылған. Оны сол кезде Талғат Ермегияев басқарды. Кейін ол аса ірі көлемдегі мемлекет қаржысын ысырап етті деген айыппен сотталған.

Тегтер: