Макрон: 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге тыйым салу қажет

Франция президенті Эммануэль Макрон 15 жасқа толмаған балалардың TikTok, Instagram, YouTube секілді әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салуды талап етті.
Бұл бастама алдағы бірнеше ай ішінде бүкіл Еуроодақ аумағында қабылданбаса, Франция мұндай шектеуді жеке өзі енгізуге дайын. Бұл туралы Макрон France 2 телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Мемлекет басшысы Ножан-сюр-Мар қаласындағы трагедияға түсініктеме берді. Еске сала кетсек, аталған қалада мектеп оқушысы пышақпен мектеп қызметкеріне шабуыл жасап, салдарынан әйел қаза тапқан еді.
Макрон бұл оқиғаның жастар арасындағы зорлық-зомбылықтың, әсіресе интернеттегі деструктивті контенттің салдары болуы мүмкін екенін айтты. Президенттің пікірінше, балаларды интернеттің зиянды ықпалынан қорғау – мемлекеттердің басты міндеттерінің бірі.
Бұған дейін Франциямен қатар Греция, Дания, Словения және Кипр елдері де 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салу бастамасын қолдаған болатын. Париж билігі әлеуметтік платформаларға кәмелетке толмаған балалар үшін ата-аналардың рұқсатын алуды міндеттеу қажет екенін айтады.
Айта кетейік, Франция 2023 жылы бұл талаптарды қамтитын заңды қабылдаған. Алайда ол құжат әлі Еуроодақ тарапынан толық мақұлданған жоқ. Егер ЕО тарапынан қажетті шешім қабылданбаса, Франция өз аумағында заңды дербес іске асыратынын мәлімдеді.
Бұл бастама — Еуропадағы цифрлық қауіпсіздікті күшейту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.